2027 жылы америкалық Amazon LEO компаниясы мен қытайлық Shanghai Spacecom Satellite Technology Қазақстанның телекоммуникация нарығына шығуды жоспарлап отыр. Бұл туралы 24 қарашада Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа компаниялар келгеннен кейін Қазақстан Орталық Азияда төрт халықаралық спутниктік оператордың өз жерүсті станциялары орналасқан алғашқы ел болады. Олардың қатарында Amazon LEO, Shanghai Spacecom Satellite Technology, Starlink және OneWeb бар. Мадиев мұндай станцияларды орналастыру ұлттық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетінін атап өтті.
Сондай-ақ ол Amazon LEO мен Shanghai Spacecom компанияларының жерүсті станцияларын салу жұмыстары басталғанын және алғашқы сынақтар өткізілгенін хабарлады. Билік операторлар келесі жылы Қазақстанда қызмет көрсете бастайды деп күтеді.
Жаңа операторлар туралы не белгілі?
Amazon LEO - америкалық Amazon компаниясының жаһандық спутниктік интернет желісін құру жобасы. Бұған дейін ол Project Kuiper деп аталған. Компания төменгі Жер орбитасына үш мыңнан астам спутник орналастыруды жоспарлап отыр.
Shanghai Spacecom Satellite Technology — Qianfan («Мың желкен») атты спутниктік жүйені дамытып жатқан қытайлық компания. Жоба кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін 15 мыңнан астам спутник орналастыруды көздейді.
Қазақстанда қандай спутниктік технологиялар қолжетімді?
2026 жылғы 1 қазанда Starlink пен OneWeb компаниялары Қазақстанда спутниктік байланыс қызметтерін көрсетуге лицензия алды.
Сонымен қатар Beeline мен Starlink Mobile бірлесіп, елде Direct-to-Cell технологиясын іске қосты. Ол смартфонды жақын маңдағы базалық станцияға қоспай-ақ, тікелей спутник арқылы хабарлама жіберуге және интернетке базалық деңгейде қосылуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта бұл технология Android құрылғыларында қолжетімді. Ал iOS жүйесіне қолдау көрсету жұмыстары әзірленіп жатыр.





