27-29 қараша аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында таеквондодан (WT) және паратаеквондодан Әлемдік Гран-при сериясының финалы өтеді. Қазақстан мұндай деңгейдегі жарыстың финалын алғаш рет қабылдайды. Турнир Рим, Оңтүстік Кореяның Муджу қаласы және Парижде өткен кезеңдерден кейінгі маусымның қорытындысы болмақ.
Жарыстың негізгі бөліміне түрлі елден 128 спортшы қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында алты Олимпиада чемпионы, Олимпиада ойындарының 13 жүлдегері, 15 әлем чемпионы және әлем чемпионаттарының 20 жүлдегері бар.
Даянгқа Париж Олимпиадасының чемпиондары, оңтүстіккореялық Пак Тэ Джун мен Ким Ю Джин, ирандық Ариан Салими, сондай-ақ Токио Олимпиадасының чемпионы, италиялық Вито Делль’Аквила шығады. Сонымен қатар биыл өз салмақ дәрежесінде Гран-при кезеңдерінің үшеуінде де жеңіске жеткен, қазіргі әлем чемпионы бразилиялық Мария Клара Пачеконың өнеріне ерекше назар аударылады.

Қазақстан намысын кім қорғайды?
Әлемдік Гран-при финалында ел намысын төрт спортшы қорғайды:
Батырхан Төлеғали (80 келіге дейін);
Тамирлан Тлеулес (58 келіге дейін);
Мария Севостьянова (57 келіге дейін);
Рита Бакишева (49 келіге дейін).
Әсіресе Мария Севостьянованың өнеріне ерекше назар аударылады. Ол Парижде өткен Гран-при кезеңінде қола жүлдеге ие болды. Спортшы жартылай финалда Мария Клара Пачекодан жеңіліп қалды. Енді екі спортшының Астанада қайта кездесуі мүмкін.
Тамирлан Тлеулес те жарысқа жақсы нәтижемен келіп отыр. Қазан айында ол Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Астанада оған Олимпиада чемпиондары мен әлем чемпиондарын қоса алғанда, мықты қарсыластармен бәсекелесуге тура келеді.
Астанада паратаеквондошылар да өнер көрсетеді
Жарыс бағдарламасы 27 қарашада паратаеквондодан Гран-при финалымен басталады. Оған шамамен 70 спортшы қатысып, K44 спорттық сыныбы бойынша 10 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салады.
Қазақстан атынан жеті спортшы қатысады. Ерлер арасында Нышанбек Ақтлеуов, Айбек Жұманғали, Дінмұхаммед Асқар және Нұрлан Домбаев өнер көрсетеді. Әйелдер арасында Милана Красавцева, Камиля Досмалова және Марьям Салимгереева ел намысын қорғайды.
Паратаеквондошылар үшін де бұл жарыстың маңызы зор. Мұнда жинаған рейтингтік ұпайлар 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындарына іріктеу кезінде ескеріледі.
Бұл турнир спортшылар үшін несімен маңызды?
Гран-при финалы G-10 санатына жатады. Алтын медаль иегерлері 100, күміс жүлдегерлер 60, қола жүлдегерлер 36 рейтингтік ұпайға ие болады. Бұл ұпайлар спортшылардың әлемдік рейтингтегі орнына әсер етіп, 2028 жылғы Олимпиада ойындарына қатысу мүмкіндігі үшін күресте маңызды рөл атқарады.

Астанадағы турнир маусымның қорытынды жарысы ғана емес, алдағы Олимпиадаға дайындықтың маңызды кезеңі болмақ. Қазақстандық спортшылар өз жанкүйерлерінің қолдауымен жоғары нәтиже көрсетуге мүмкіндік алады. Ал көрермендер әлемдік таеквондоның үздік өкілдерінің өнерін тамашалай алады.





