Америкалық сот қандай шешім шығарды
2026 жылғы 24 қарашада Бруклиндегі федералды алқабилер Huawei Technologies компаниясы мен оның үш еншілес кәсіпорнын бірқатар қылмыстық айып бойынша кінәлі деп таныды.
Олардың қатарында коммерциялық құпияларды ұрлау мақсатындағы сөз байласу, банктік және электрондық алаяқтық, АҚШ санкцияларын бұзу және ақшаны жылыстату мақсатындағы сөз байласу бар.
Жалпы, компания он екі айыптың онынан кінәлі деп танылды. Ал қалған екі айып бойынша ақталды. Атап айтқанда, алқабилер прокуратураның Huawei компаниясы RICO заңы аясында қылмыстық ұйым ретінде әрекет етті деген тұжырымымен келіспеді. Сондай-ақ компания сот төрелігіне кедергі келтіру мақсатындағы сөз байласу айыбы бойынша ақталды.
Сот процесі Нью-Йорк Шығыс округінің федералды сотында судья Энн Доннеллидің төрағалығымен өтті.
Huawei компаниясын технология ұрлады деп қалай айыптады
АҚШ прокуратурасының нұсқасы бойынша, компания бірнеше онжылдық бойы басқа өндірушілердің, соның ішінде бәсекелестері мен іскер серіктестерінің құпия әзірлемелеріне қол жеткізіп келген.
Ең танымал оқиғалардың бірі америкалық T-Mobile байланыс операторына қатысты болды. Ынтымақтастық аясында Huawei компаниясы T-Mobile зертханасына кіріп, смартфондардың сенсорлық экрандарын тексеруге арналған Tappy роботымен танысуға мүмкіндік алған.

Изображение сгенерировано ИИ
Алқабилер технологияларды ұрлау фактісін қалай анықтады
Алқабилердің анықтауынша, Huawei қызметкерлері роботты суретке түсіріп, оның құрылымы туралы ақпарат жинаған. Олардың мақсаты соған ұқсас құрылғы жасау болған. Қызметкерлердің бірі тіпті зертханадан құрылғының бір бөлшегін рюкзагына жасырып алып шыққан.
Тағы бір оқиға америкалық Cisco компаниясына қатысты болды. Тергеу мәліметінше, Huawei Cisco маршрутизаторларының бастапқы бағдарламалық кодының бір бөлігін көшіріп, оны өз әзірлемелерінде пайдаланған.
Сондай-ақ сот ісінде антенна өндірушісі Quintel, CNEX компаниясының әзірлемелері және Fujitsu жабдықтарына қатысты мәселелер қаралды.
АҚШ тарапының мәлімдеуінше, алынған ақпарат Huawei компаниясына зерттеу шығындарын азайтып, өз өнімдерін әзірлеу процесін жеделдетуге мүмкіндік берген.
Иран мен АҚШ санкцияларының бұған қандай қатысы бар
Сот процесінің тағы бір бөлігі Huawei компаниясының Ирандағы қызметіне қатысты болды.
Айыптау нұсқасы бойынша, компания АҚШ-тың қолданыстағы шектеулеріне қарамастан, Иранда бизнесін жалғастырған. Ол үшін банктер мен басқа ұйымдарға іскер серіктес ретінде таныстырылған Skycom компаниясын пайдаланған.
Алайда прокурорлардың мәлімдеуінше, Skycom іс жүзінде Huawei компаниясының еншілес құрылымы болған.
АҚШ тарапы Huawei компаниясы Ирандағы қызметінің сипатын жасырып, жергілікті ұйымдармен байланысы туралы банктерге жалған ақпарат бергенін мәлімдеді.
Бұл мәліметтер қаржылық операциялар үшін маңызды болған. Себебі Huawei халықаралық банк жүйесі мен доллар арқылы есеп айырысуды пайдаланған. Айыптау нұсқасы бойынша, ақпаратты жасыру компанияға несие алуға, банк қызметтерін пайдалануға және халықаралық операцияларын жалғастыруға мүмкіндік берген.
Бұдан бөлек, тергеу мәліметінше, Huawei Иранның мемлекеттік құрылымдарын телекоммуникациялық инфрақұрылыммен және бақылау жабдықтарымен қамтамасыз еткен. Атап айтқанда, интернетке қолжетімділікті бақылауға және наразылық акцияларына қатысушыларды қадағалауға пайдаланылуы мүмкін жүйелер туралы сөз болған.
Huawei компаниясы не деп жауап берді
Компания тағылған айыптармен келіспей, АҚШ прокуратурасы бірнеше онжылдық ішінде болған жекелеген оқиғаларды біріктіріп, оларды ауқымды қылмыстық әрекет ретінде көрсеткенін мәлімдеді.
Қорғау тарапы коммерциялық құпияларға қатысты кейбір даулардың бұған дейін азаматтық соттарда қаралып, реттелгенін де алға тартты.

Изображение сгенерировано ИИ
Адвокат Huawei Брайан Хеберлиг соттың қылмыстық сөз байласу айыбы бойынша компанияны ақтауын АҚШ прокуратурасының нұсқасына берілген елеулі соққы деп атады.
Сот үкімінен кейін компания өкілдері шешімге шағым түсіруді жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Huawei қалған айыптардың жеткілікті заңдық және нақты негіздері жоқ екенін де атап өтті.
Енді не болады
Енді Huawei компаниясына қатысты жаза мөлшерін анықтау үшін жеке сот отырысы өтеді. Ол 2027 жылғы 14 қыркүйекке белгіленген.
Компания мен оның еншілес құрылымдарына ірі көлемде қаржылық санкциялар салынуы мүмкін. Олардың қатарында қылмыстық айыппұлдар, мүлікті тәркілеу және зардап шеккен тараптарға өтемақы төлеу бар. Әзірге нақты сома анықталған жоқ.
Алайда сот үкімі Huawei компаниясының халықаралық қызметін автоматты түрде тоқтатуды білдірмейді.
Компания әлемдік нарықта жұмысын жалғастырып, смартфондар мен телекоммуникациялық жабдықтар шығаруда, сондай-ақ өз чиптерін өндіруді дамытуда. АҚШ пен бірқатар Батыс елдерінің шектеулеріне қарамастан, Huawei Қытайдың технологиялық секторындағы ірі ойыншылардың бірі болып қала береді.
АҚШ сотының бұл шешімі жоғары технологиялар саласындағы Вашингтон мен Бейжің арасындағы ұзақ жылдарға созылған текетірестің тағы бір маңызды кезеңіне айналды.





