Облыстың алты ауданын газдандыруға Инфрақұрылымды дамыту қорынан 37,4 млрд теңге бөлінді. Жоба аясында жалпы ұзындығы шамамен 3,3 мың шақырым газ желісін салу жоспарланып отыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін 183 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қол жеткізеді.

Жұмыстар Алакөл, Сарқан, Ақсу, Панфилов, Қаратал және Ескелді аудандарын қамтиды.

Қаражаттың басым бөлігі - 27 млрд теңгеден астамы «Талдықорған – Үшарал» магистральдық газ құбырына 84 ауылды қосуға жұмсалады. Газ құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталған. Енді тұрғындар үйлеріне газ қоса алуы үшін магистральдан елді мекендерге дейін құбырлар тарту қажет.

4534535435434343543.jpg
фото: primeminister.kz

Ең көп газ желісі Алакөл, Сарқан және Ақсу аудандарында салынады. Алакөл ауданында 1 115 шақырым, Сарқан ауданында 893 шақырым, ал Ақсу ауданында 767 шақырым құбыр тарту жоспарланып отыр.

Жалпы осы үш ауданның 84 елді мекеніне газ жеткізіледі. Жұмыстарды 2026 жылдың соңында бастап, 2028 жылға дейін аяқтау көзделген.

Тағы 10,3 млрд теңге Панфилов, Қаратал және Ескелді аудандарындағы газ желілерінің құрылысын аяқтауға бағытталды. Бұл - жалпы ұзындығы шамамен 576 шақырым болатын 16 нысан. Құрылыс аяқталғаннан кейін тағы 49,4 мың тұрғын табиғи газды пайдалана алады. Бұл нысандарды 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.

Атап айтқанда, Панфилов ауданында газ желілері бірден 12 ауылда салынып жатыр. Қаратал ауданында жұмыстар үш елді мекенді қамтиды, ал Ескелді ауданында Жалғызағаш ауылына газ тартылады.

Қазір Жетісу облысындағы 115 елді мекенге табиғи газ жеткізілген. Оны шамамен 468,5 мың адам пайдаланады. Бұл - өңір халқының 67,4 пайызы.

78667676876876.jpg
фото: primeminister.kz

2026 жылдың соңына дейін 16 нысанның құрылысы аяқталғаннан кейін газбен қамтылған елді мекендердің саны 126-ға жетуі тиіс. Ал облысты газдандыру деңгейі 74 пайызға дейін өседі.

Салыстыру үшін, бүгінде Қазақстан халқының 64,2 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Билік бұл көрсеткішті 2035 жылға қарай 80 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.

Газ желілерін кеңейту үйлерді жылытуды жеңілдетіп қана қоймай, көмірді пайдалануды азайтуға, ауаның ластануын төмендетуге және ауылдық жерлерде бизнестің дамуына жағдай жасауға тиіс.