SpaceX компаниясы не жоспарлап отыр

2026 жылғы 25 қарашада АҚШ-тың Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) SpaceX компаниясының Starmind деп аталатын орбиталық деректер орталықтарын құру жобасын мақұлдады. Жоба аясында Жерге жақын орбитаға бір миллионға дейін спутник орналастыру көзделген.

Жобаның негізгі идеясы – спутниктерді деректерді өңдейтін шағын орталықтарға айналдыру. Яғни ақпараттың барлығын Жердегі серверлерге жіберудің орнына, жүйе үлкен көлемдегі деректерді тікелей ғарышта өңдеп, нәтижелерін қайтадан Жерге жеткізе алады.

Компанияның жоспары бойынша, мұндай инфрақұрылым жасанды интеллектіні дамытуға қажетті есептеу қуаттарына деген өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға көмектеседі.

Деректер орталықтарын неге ғарышқа көшіргісі келеді?

Қазіргі деректерді өңдеу орталықтары орасан зор электр энергиясын және жабдықтарды салқындатуға қажетті ресурстарды талап етеді. Жасанды интеллект дамыған сайын мұндай инфрақұрылымға түсетін жүктеме де артып келеді.

Gemini_Generated_Image_ehnn3aehnn3aehnn.jpg

Изображение сгенерировано ИИ

SpaceX орбиталық деректер орталықтарын күн сәулесінің үздіксіз дерлік энергиясын пайдалану арқылы жұмыс істетуді ұсынады. Компанияның мәлімдеуінше, бұл энергияны аз шығынмен өндіруге және жердегі электр желілеріне тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

Starmind спутниктерін оптикалық байланыс арналары арқылы өзара байланыстыру жоспарланып отыр. Олар басқа аппараттармен, соның ішінде қолданыстағы Starlink спутниктік жүйесімен де деректер алмаса алады.

Яғни, сөз спутниктік интернетті кеңейту туралы ғана емес, орбитада жеке есептеу инфрақұрылымын құру туралы болып отыр.

Алғашқы спутниктер қашан ұшырылады?

Жоба мақұлданғанымен, SpaceX миллион аппаратты бір уақытта ғарышқа ұшыруды жоспарлап отырған жоқ. FCC оны бірнеше кезеңмен жүзеге асыруды міндеттеді:

  • 2033 жылғы 25 қарашаға дейін компания кем дегенде бір спутникті орбитаға шығарып, оның жұмысын бастауы керек.

  • 2035 жылғы қарашаға дейін рұқсат етілген спутниктердің 10%-ын, яғни 100 мың аппаратты орналастыру қажет.

  • 2038 жылғы қарашаға дейін жұмыс істеп тұрған спутниктер саны 500 мыңға жетуі тиіс.

  • 2040 жылғы қарашаға дейін бүкіл жүйені орналастыру аяқталуы керек.

Бұл – рұқсатта көрсетілген міндетті талаптар. Егер компания белгіленген мерзімдерді орындамаса, оның рұқсатының күші жойылуы мүмкін.

Жоба неліктен сұрақтар тудырды?

Ғарыш саласындағы барлық компания SpaceX бастамасын қолдаған жоқ. Жобаға Amazon Leo бөлімшесі, Viasat спутниктік компаниясы және Америкалық астрономиялық қоғам қарсылық білдірді.

Негізгі алаңдаушылықтардың бірі – Жерге жақын орбитаның шамадан тыс толып кету қаупі. Мұндай көп спутникті орналастыру олардың соқтығысу және ғарыш қоқысының көбею ықтималдығын арттыруы мүмкін.

Астрономдар да спутниктердің көптігі ғарыш нысандарын бақылауға кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдайды. Аппараттардың бетінен шағылған жарық жердегі телескоптардың жұмысына әсер етуі ықтимал.

Gemini_Generated_Image_t01yfct01yfct01y.jpg

Изображение сгенерировано ИИ

Тағы бір мәселе – жобаның экономикалық және техникалық тұрғыдан жүзеге асу мүмкіндігі. Миллион спутникті ғарышқа ұшыру және оларға қызмет көрсету үшін қомақты қаражат пен жаңа технологиялық шешімдер қажет болады.

Бұл жасанды интеллектінің болашағы үшін нені білдіреді?

FCC-тің жобаны мақұлдауы SpaceX үшін маңызды қадам болды. Алайда орбиталық деректер орталықтары жақын арада цифрлық инфрақұрылымның үйреншікті бөлігіне айналады деп айтуға әлі ерте.

Егер компания жоспарын жүзеге асыра алса, ғарыш деректерді өңдеу мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған қосымша алаңға айналуы мүмкін. Дегенмен Starmind жобасы әлі де ауқымды технологиялық бастама болып отыр. Оның тиімділігі мен өміршеңдігін уақыт көрсетеді.