Бұл бастаманы Қазақстанның энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен Қытайдың China Energy Engineering Group (Energy China) корпорациясы басқарма төрағасы Ни Чжэнь қазақстандық делегацияның Қытайға жұмыс сапары барысында талқылады.
Зерттеу орталығын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің базасында құру жоспарланып отыр. Оның жұмысына энергетика, аналитика және жобалау салаларындағы қытайлық мамандардың тәжірибесін пайдалану көзделген.

Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі ірі энергетикалық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу болады. Сонымен қатар мамандар энергетикалық жүйені цифрландырумен және салалық деректер базасын құрумен айналысады.
Сутегі энергетикасына да ерекше назар аударылды.
ҚазҰУ базасында Қазақстандағы алғашқы сутегі өндіру қондырғысы іс жүзінде іске қосылды. Тараптар бұл бағытты одан әрі дамыту және бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндіктерін қарастыруда.
Келіссөздер барысында Екібастұз - Балқаш бағыты бойынша қуаты 2 ГВт болатын тұрақты ток электр жеткізу желісінің құрылысы да талқыланды. Жоба бойынша қажетті есептеулер жүргізіліп, техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалған.
Кездесудің тағы бір тақырыбы - өнеркәсіптік энергия жинақтау жүйелері. Олар электр энергиясын сақтап, сұраныс артқан кезеңдерде пайдалануға мүмкіндік береді. Энергетика министрлігінің мәліметінше, мұндай жүйелерге арналған негізгі қосалқы станциялар мен қосылу нүктелері анықталған. Алайда бірлескен жобаларды іске асыру үшін заңнамаға тиісті түзетулер енгізу қажет. Бұл жүйелерге инвестиция тарту тетіктері туралы заң жобасы бірінші оқылымнан өтті.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Қытай жаңартылатын энергетиканы дамыту мәселелерін талқылады. Түркістан облысындағы қуаты 300 МВт болатын «Сауран» күн электр станциясын 2026 жылдың соңына дейін желіге қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр станциясы жобасын дайындау жұмыстары жалғасуда.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейтуге және инженерлік тәжірибе алмасуға мүдделі екенін растады.





