Қазақстанда үйірлі шегірткеге қарсы жүргізілген кешенді қорғау жұмыстары аяқталды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл зиянкестердің салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдарына зақым келген жағдай тіркелмеген.

Соңғы екі жылда шегірткемен күрес тәсілдері жаңартылды. Зиянкестерді ерте анықтау және мониторинг жүргізу жүйесінің жақсаруы нәтижесінде химиялық өңдеуден өткен аумақ көлемі 3,1 млн гектардан 1,8 млн гектарға дейін қысқарды. Бұл – 42%-ға аз деген сөз.

Мамандар енді зиянкестер жаппай таралғаннан кейін әрекет етпей, олардың алғашқы ошақтарын дер кезінде анықтап, нақты аумақтарға ғана өңдеу жүргізуге басымдық беріп отыр. Бұл тәсіл қаражат пен ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

2026 жылы қорғау шараларына жұмсалатын бюджет қаражаты 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 2 млрд теңгеге, яғни 25%-ға қысқарған.

Фитосанитарлық жағдайды бақылау үшін FITOCENTRE геоақпараттық жүйесі іске қосылды. Жүйе зиянкестердің таралуын нақты уақыт режимінде бақылауға, тексеру нәтижелерін цифрлық форматта тіркеуге және қажетті шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мониторинг пен химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін 103 дрон сатып алынды. Ал бүріккіш техниканың саны 427-ден 556 бірлікке дейін көбейді.

Қазіргі таңда шекара маңындағы аумақтардағы фитосанитарлық жағдай тұрақты. Үйірлі шегірткелердің басқа аумақтарға көшіп-қону жағдайлары тіркелген жоқ. Қажетті техника шекара маңында дайын тұр, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр.