Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда Қазақстан–Қытай технологиялық ынтымақтастығына арналған дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференция (WAIC 2026) қарсаңында өтіп, оған Xiaomi компаниясын қоса алғанда, жетекші технологиялық компаниялардың өкілдері қатысты.

Сапар аясында Мемлекет басшысы Xiaomi Group президенті Лу Вэйбинмен кездесті. Компания басшысы Xiaomi-дің қазіргі жетістіктері, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға салынған инвестициялар, сондай-ақ Қазақстандағы қызметін кеңейту жоспарлары туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту еліміздің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол тиісті мемлекеттік органдарға Xiaomi компаниясымен технологиялық бағыттар бойынша ынтымақтастықты күшейтуді тапсырды.