Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, алдағы күндері Алматы – Қаскелең автожолын қайта жаңғырту жұмыстары басталады. Құрылыс 20 шілдеде іске қосылады.
Премьер-министр Олжас Бектенов мердігер ұйымға құрылыс техникасы мен мамандарды шұғыл жұмылдырып, жұмысты кешіктірмей бастауды тапсырды. Сонымен қатар жобаның құны өзгермейді, ал сатып алынатын жер учаскелерінің бағасы бекітіледі.
Жоба жолдың 8 шақырымдық бөлігін қамтиды. Автожол сегіз жолаққа дейін кеңейтіліп, екі көлік айрығы мен тоғыз жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынады.
Қайта жаңғырту жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Осыдан кейін жолдың өткізу қабілеті екі есеге артады. Қазіргі таңда бұл бағытпен тәулігіне шамамен 60 мың автокөлік жүреді, ал Алматыдағы жалпы тәуліктік көлік ағыны бір миллионнан асады.


