Қазақстанда мобильді байланыс абоненттерінің саны мен тарифтердің өсуіне байланысты мобильді интернеттен бас тарту мәселесіне қатысты түсініктеме берілді.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мусалиев қазақстандықтардың мобильді интернеттен тарифтердің қымбаттауына байланысты жаппай бас тартып жатқаны туралы нақты статистика жоқ екенін айтты.

Оның сөзінше, бүгінде елде мобильді байланыс қызметін пайдаланатын шамамен 27 млн абонент бар. Алайда бір адам бірнеше SIM-картаны қолдануы немесе әртүрлі операторлардың қызметіне тіркелуі мүмкін. Сондықтан абоненттер саны үнемі өзгеріп отырады.

Министрлік бұл көрсеткішке пайдаланылмайтын SIM-карталарды өшіру жұмыстары да әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Өткен жылдан бері ведомство байланыс операторларымен бірге ұзақ уақыт бойы қолданылмаған «үнсіз» нөмірлерді анықтап, базадан шығаруды қолға алған.

Тексеру барысында олардың кейбірінің алаяқтық мақсатта қолданылғаны анықталған. Осыған байланысты абоненттер санының азаюын тек тарифтердің қымбаттауымен байланыстыруға болмайды.

Сонымен қатар Қазақстанда алаяқтық қоңыраулардан қорғауға бағытталған тағы бір шара енгізілмек. Ресми қоңырауларды арнайы белгілеу жүйесі азаматтарға шынайы қоңырауларды күмәнді байланыстардан ажыратуға көмектесуі тиіс.