eGov Business мобильді қосымшасында кәсіпкерлерге арналған жаңа мемлекеттік қызмет қолжетімді болды. Енді пайдаланушылар заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы өз үлесін сенімгерлік басқаруға онлайн түрде рәсімдей алады.

Сенімгерлік басқару үлес иесіне меншік құқығын сақтай отырып, оны уақытша басқа тұлғаның басқаруына беруге мүмкіндік береді. Рәсім аяқталғаннан кейін барлық өзгерістер мемлекеттік ақпараттық жүйелерге автоматты түрде енгізіледі.

Қызметті пайдалану үшін eGov Business қосымшасына кіріп, «Қызметтер санаты» → «Құқықтық қатынастар» бөліміне өтіп, «Заңды тұлғадағы үлесті сенімгерлік басқаруға беру» қызметін таңдау қажет. Кейін өтінімді толтырып, қажетті құжаттарды тіркеп, қолжетімді тәсілдердің бірімен қол қою жеткілікті.

Өтінімнің қаралу барысын «Хабарламалар» → «Қызметтер тарихы» бөлімінен бақылауға болады.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мәліметінше, жаңа сервис кәсіпкерлерге үлесті беру рәсімін мемлекеттік органдарға бармай-ақ, толықтай онлайн рәсімдеуге мүмкіндік береді.

Қызмет тегін көрсетіледі, ал өтінімді қарау мерзімі үш жұмыс күніне дейін созылады.