19 шілдеден бастап Қазақстанда банкаралық бірыңғай QR-төлем жүйесі ресми түрде іске қосылады. Жаңа жүйе арқылы азаматтар кез келген банктің мобильді қосымшасымен бірыңғай QR-кодты пайдаланып, тауарлар мен қызметтердің ақысын төлей алады.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, бұл – цифрлық төлемдер саласындағы ең маңызды жобалардың бірі. Жүйені іске қосу үшін екінші деңгейлі банктер өздерінің төлем сервистерін біріктіріп, олардың өзара үйлесімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етті.
Бірыңғай QR-кодтың арқасында сатып алушыларға әр банкке арналған жеке QR іздеудің қажеті болмайды. Ал кәсіпкерлер төлемдерді бірыңғай инфрақұрылым арқылы қабылдай алады.
Ұлттық банктің мәліметінше, жоба Қазақстанның цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытуға және заманауи цифрлық мемлекетті қалыптастыруға ықпал етеді.

