2026 жылдың қыркүйегінен бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарын басқарудың жаңа тәртібі күшіне енеді. Енді БЖЗҚ салымшылары жинақтарының толық көлемін жеке инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға аудару мүмкіндігіне ие болады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 50%-дан аспайтын.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл өзгеріс азаматтарға өз қаражатын басқаруда көбірек таңдау еркіндігін береді. Олар тәуекелі төмен немесе табыстылығы жоғары инвестициялық стратегияны өз қалауынша таңдай алады.

Сонымен қатар мемлекет міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік беруді жалғастырады. Әлеуметтік кодекске сәйкес, БЖЗҚ-ға аударылған міндетті жарналардың нақты сомасы мемлекет кепілдігімен қорғалады.

Министрлік жеке басқарушы компаниялардың да қаржылық жауапкершілігі күшейтілетінін атап өтті. Егер инвестиция нәтижесінде шығын туындаса, оны компаниялар өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті болады.

Ал жинақтарын жеке компанияларға аударғысы келмейтін азаматтар үшін зейнетақы активтерін басқаруды бұрынғыдай Қазақстан Ұлттық банкі жүзеге асырады.

Сонымен бірге Үкімет зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Мақсат – азаматтарды еңбек өтілін ескеретін және өмір бойы төленетін тұрақты зейнетақымен қамтамасыз ететін тиімді жүйе қалыптастыру.