Ұлттық банк өкілдері ескі банкноттардың әзірге заңды төлем құралы болып қала беретінін еске салды. Сондықтан оларды дүкендерде, банктерде және басқа да ұйымдарда қабылдауға міндетті. Дегенмен уақыт өте келе бұл купюралар айналымнан біртіндеп шығарылып, олардың орнын жаңа үлгідегі банкноттар басады.
Мамандар ескі ақшаны айырбастауды кейінге қалдырмай, қажет болған жағдайда екінші деңгейлі банктерге алдын ала жүгінуге кеңес береді. Өтпелі кезең аяқталғаннан кейін айырбастау тек Ұлттық банктің филиалдары арқылы жүзеге асырылады.
Жаңа банкноттар жаңартылған дизайнымен қатар, қолдан жасаудан қорғайтын заманауи қорғаныс элементтерімен ерекшеленеді. Атап айтқанда, жаңа қорғаныс жіптері, су белгілері және банкноттың түпнұсқалығын оңай анықтауға мүмкіндік беретін қосымша визуалды белгілер енгізілген.
Ұлттық банктің мәліметінше, ұлттық валютаны жаңарту – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан стандартты рәсім. Оның басты мақсаты – қолма-қол ақша айналымының қауіпсіздігін арттыру.


