Криштиану Роналду Ташкентке қайта келуі мүмкін. Сауд Арабиясының «Аль-Наср» клубында өнер көрсететін португалиялық шабуылшы АФК Чемпиондар лигасы аясында өзбекстандық «Пахтакорға» қарсы матчқа қатысуы ықтимал.

Алдын ала кестеге сәйкес, кездесу 2026 жылғы 2 қарашада Ташкентте өтуі тиіс.

Жеребе қорытындысы бойынша «Аль-Наср» өз алаңында Катардың «Аль-Садд», Өзбекстанның «Нефтчи», БАӘ-нің «Аль-Васл» және Катардың «Эш-Шамаль» командаларымен ойнайды.

Ал сырт алаңдағы кездесулерде саудиялық клуб «Аль-Айн», «Шабаб Аль-Ахли», «Аль-Гарафа» және «Пахтакорға» қарсы шығады.

Бұл Роналдудың Ташкентке екінші рет келуі болуы мүмкін. Ол өзбекстандық астанаға алғаш рет 2009 жылғы 22 желтоқсанда келген. Ол кезде футболшы мадридтік «Реалдың» сапында өнер көрсеткен.

Сол кезде Роналду ашық жаттығу өткізіп, жас футболшыларға шеберлік сағатын ұйымдастырған. Сондай-ақ оған дәстүрлі өзбек шапаны сыйға тартылған.

Қазір 41 жастағы Роналду «Аль-Наср» сапында ойнайды. Ол мансабында португалиялық «Спортинг», ағылшындық «Манчестер Юнайтед», испаниялық «Реал» және италиялық «Ювентус» клубтарының намысын қорғаған.

Португалиялық футболшы — Чемпиондар лигасының бес дүркін жеңімпазы, Еуропа чемпионы және Ұлттар лигасының екі дүркін жеңімпазы. Сонымен қатар оған ұлттық құрамалар, Еуропа чемпионаттары және Чемпиондар лигасы тарихындағы гол саны бойынша бірқатар рекорд тиесілі.

АФК Чемпиондар лигасының матчтары 2026 жылғы 14 қыркүйекте басталып, 2027 жылдың ақпанына дейін жалғасады. Плей-офф кезеңі 1 наурызда басталады.