Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) президенті Джанни Инфантиноның айтуынша, 2030 жылғы әлем чемпионаты тарихтағы ең ауқымды турнирге айналуы мүмкін. Оның сөзінше, қазіргі әлем біріншілігі аяқталғаннан кейін ФИФА турнирге 64 ұлттық құраманы қатыстыру мәселесін талқылайды.

Егер ұсыныс қолдау тапса, бұл әлем чемпионатын кеңейтудің кезекті кезеңі болады. Еске салсақ, 2026 жылғы әлем чемпионаты алғаш рет 48 құраманың қатысуымен өтеді. Ал 1998–2022 жылдар аралығында турнирдің финалдық кезеңіне 32 құрама қатысқан.

Инфантиноның айтуынша, мұндай өзгерістің басты мақсаты — әлемнің көбірек еліне әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігін беру және футболдың барлық өңірде дамуына серпін беру. Сондай-ақ ол ұлттық құрамалардың халықаралық тәжірибе жинақтап, бәсекелестік деңгейін арттыруына ықпал ететінін атап өтті.

2030 жылғы әлем чемпионаты тарихи турнир болмақ, өйткені ол алғашқы мундиальдан кейін тура 100 жылдан соң өтеді. Турнирдің негізгі қожайындары Испания, Португалия және Марокко болады. Ал мерейтойға орай алғашқы матчтар Уругвай, Аргентина және Парагвайда ұйымдастырылады.

Қазіргі уақытта турнирге 64 құраманы қатыстыру туралы түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Бұл бастама әлі де талқылану үстінде, ал соңғы шешімді ФИФА ұйымның тиісті комитеттері қарастырғаннан кейін қабылдайды.