Астана еуропалық клубтық футболдағы ірі оқиғалардың бірін қабылдайды. 2028 жылы «Астана Аренада» УЕФА Суперкубогы үшін матч өтеді. Бұл шешімді Еуропалық футбол қауымдастықтары одағының Атқарушы комитеті ресми түрде бекітті.

Қазақстан үшін бұл тарихи оқиға болмақ. Бұған дейін УЕФА Суперкубогы елімізде ешқашан өткізілген емес.

Суперкубокта УЕФА-ның ерлер арасындағы екі негізгі клубтық турнирінің — Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары кездеседі. Осылайша, 2028 жылы Астанаға 2027/28 маусымының қорытындысы бойынша аталған екі турнирде топ жарған еуропалық клубтар келеді.

Матчқа қатысатын командалардың атауы әзірге белгісіз. Олар 2027/28 жылғы еурокубок маусымы аяқталғаннан кейін анықталады.

УЕФА ірі матчтарды қабылдайтын қалаларды анықтады

Астанада Суперкубок өткізу туралы шешім 2026 жылғы 15 қыркүйекте Салоникиде өткен УЕФА Атқарушы комитетінің отырысында қабылданды. Сонымен қатар ұйым алдағы жылдары өтетін бірнеше ірі клубтық турнирдің шешуші матчтарын қабылдайтын қалаларды белгіледі.

2028 жылғы Чемпиондар лигасының финалы Германиядағы «Арена Мюнхенде» өтеді. Ал 2029 жылы Еуропаның басты клубтық турнирінің шешуші матчын Барселонадағы «Камп Ноу» қабылдайды.

2028 жылғы Еуропа лигасының финалы Бухаресттегі «Арена Националэде», ал Конференциялар лигасының финалы Туриндегі «Ювентус Стэдиумда» өтеді.

Астанаға дейін, 2027 жылы, УЕФА Суперкубогы Амстердамдағы «Йохан Кройфф Аренада» ойналады.

«Астана Арена» Чемпиондар лигасының матчтарын қабылдаған

Елордадағы басты футбол стадионы үшін еуропалық турнирлердің матчтарын өткізу жаңа тәжірибе емес.

«Астана Аренада» 2015/16 маусымында Чемпиондар лигасының ойындары өтті. Сол жылы «Астана» футбол клубы өз тарихында алғаш рет турнирдің топтық кезеңіне жолдама алған еді.

Сол маусымда Қазақстан астанасына «Атлетико», «Бенфика» және «Галатасарай» секілді еуропалық клубтар келді. Бұл кездесулер қазақстандық клубтық футбол тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі болды.

Алайда УЕФА Суперкубогының мәртебесі бөлек. Бұл — Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының қазіргі жеңімпаздары бір матчта еуропалық жүлде үшін кездесетін турнир. 2028 жылы Қазақстан алғаш рет осындай матчты қабылдайтын ел атанады.

УЕФА Суперкубогы деген не?

УЕФА Суперкубогы бір матч форматында өткізіледі және дәстүрлі түрде еуропалық клубтық турнирлердің жаңа маусымын ашады.

2000 жылдан бері бұл жүлде үшін Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары кездеседі. Бұған дейін Еуропа чемпиондары кубогының немесе Чемпиондар лигасының жеңімпазы Кубок иегерлері кубогының иегерімен ойнайтын.

Ұзақ уақыт бойы Суперкубок Монакода өткізілді. 2013 жылдан бастап УЕФА матчты жыл сайын әртүрлі қалада ұйымдастырып келеді. Соңғы жылдары турнирді Прага, Кардифф, Тбилиси, Скопье, Таллин, Ыстанбұл, Будапешт, Белфаст, Хельсинки, Афина және басқа қалалар қабылдады.

2028 жылы бұл тізімге алғаш рет Астана қосылады.

Қазақстанға қандай командалар келеді?

«Астана Аренада» нақты қандай командалар ойнайтыны 2028 жылы белгілі болады.

Суперкубоктың бір қатысушысы 2027/28 маусымындағы Чемпиондар лигасының жеңімпазы болса, екіншісі сол маусымдағы Еуропа лигасының чемпионы атанады.

УЕФА жариялаған ресми хабарламада матчтың нақты күні әзірге көрсетілген жоқ.

Астана үшін Суперкубокты өткізу — Еуропаның екі ірі клубтық турнирінің қазіргі жеңімпаздары қатысатын ресми УЕФА матчын қабылдау мүмкіндігі. Ал қазақстандық жанкүйерлер үшін бұл — бұған дейін елімізде ешқашан өткізілмеген футбол оқиғасын өз көзімен көруге мүмкіндік.