FIFA құрамына кіретін 211 ұлттық футбол қауымдастығына, соның ішінде Қазақстанға да, жаңа инвестициялық жобаны қолдаған жағдайда 40 млн доллардан бөлу ұсынылды.

Ұйым президенті Джанни Инфантиноның айтуынша, қауымдастықтарға шешім қабылдау үшін 53 күн уақыт беріледі. Егер бастама қолдау тапса, 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпы көлемі 10 млрд долларды құрайтын инвестициялық пакет іске қосылады. Ал ұсыныс қабылданбаса, FIFA 2,7 млрд долларлық Forward бағдарламасын жалғастырады.

Жобаға қатысты пікірлер екіге бөлінді. Еуропадағы бірқатар футбол қауымдастықтары әлем чемпионатының коммерциялық құқықтарын инвесторларға беру бастамасына қарсы екенін мәлімдеп, мәселені шұғыл түрде талқылауға ниетті. Кейбір ұйымдар әлем чемпионатына бойкот жариялау мүмкіндігін де жоққа шығармай отыр.