Қазақстанда ауыл шаруашылығы алқаптарын үйірлі шегірткеден қорғау жұмыстары аяқталды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл жүргізілген шаралардың нәтижесінде егістік алқаптарға зиян келген жоқ.

Соңғы екі жылда зиянкестермен күрес жүйесі жаңғыртылып, мониторинг жүргізу тәсілдері жетілдірілді. Соның арқасында химиялық өңдеуден өткен аумақ көлемі 3,1 млн гектардан 1,8 млн гектарға дейін қысқарып, 42%-ға азайды.

Қазір мамандар шегіртке жаппай таралғаннан кейін әрекет етпей, оның таралу қаупін алдын ала анықтауға басымдық беріп отыр. Зиянкестердің алғашқы ошақтары ерте кезеңде анықталып, дер кезінде оқшауланады. Бұл өңдеу жұмыстарын нақты аумақтарға ғана жүргізіп, мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Қорғаныс шараларын ұйымдастыру тәсілі де өзгерді. Өсімдіктерді қорғау құралдарын жеткізуден бастап, химиялық өңдеу жұмыстарына дейінгі барлық кезеңді бір мердігер жүзеге асырады. Бұл жұмыстардың сапасын арттырып, қажетті шараларды уақытында орындауға мүмкіндік берді. Нәтижесінде 2026 жылы бюджет шығындары 2024 жылмен салыстырғанда шамамен 2 млрд теңгеге қысқарды.

Саладағы маңызды жаңалықтардың бірі – цифрлық технологияларды енгізу. Фитосанитарлық жағдайды бақылау үшін FITOCENTRE геоақпараттық жүйесі іске қосылды. Ол зиянкестердің таралу ошақтарын нақты уақыт режимінде бақылауға және жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар мониторинг пен химиялық өңдеу жұмыстарына арналған 103 дрон сатып алынды. Арнайы бүріккіш техниканың саны да 427-ден 556 бірлікке дейін артты. Бұл әсіресе жетуі қиын аумақтарда қорғаныс шараларын жылдам жүргізуге мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта шекара маңындағы аумақтардағы фитосанитарлық жағдай тұрақты. Үйірлі шегірткелердің басқа аумақтарға көшіп-қону жағдайы тіркелген жоқ. Қажетті техника шекара маңында дайын тұр, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр.