Қазақстан Германиямен экономикалық ынтымақтастықты дәстүрлі салалардан бөлек жаңа бағыттарда да дамытуды ұсынып отыр. Олардың қатарында жасанды интеллект, финтех, цифрлық инфрақұрылым және Alatau City жобасы бар.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қыркүйекте Германияға сапары аясында неміс бизнесінің өкілдерімен кездесу кезінде айтты. Талқылаудың негізгі тақырыптарының бірі — Германияның технологиялық мүмкіндіктері мен капиталын Қазақстандағы цифрлық трансформациямен байланыстыру.

Фото: akorda.kz
Германия ЖИ инфрақұрылымын дамытуға қатысуы мүмкін
Президент басым бағыттардың бірі ретінде цифрлық инновациялар мен жасанды интеллект саласында Қазақстан–Германия серіктестігін қалыптастыруды атады.
Неміс компанияларына деректерді өңдеу орталықтарына арналған технологиялар, бұлтты инфрақұрылым, энергия тиімділігі және киберқауіпсіздік салаларындағы жобаларға қатысу ұсынылды.
Қазақстан үшін бұл бағыт елдегі кең ауқымды цифрландыру стратегиясымен байланысты. Бұған дейін деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамыту және жасанды интеллектіні экономикаға кеңінен енгізу міндеті қойылған болатын.
Келесі бағыт — финтех
Кездесуде цифрлық қаржы саласына да ерекше назар аударылды.
Тоқаевтың айтуынша, Қазақстандағы цифрлық қаржы экожүйесінің даму деңгейі жаңа төлем шешімдері мен токенизация технологияларын жасап, кейін оларды өңірлік нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
Токенизация нақты немесе қаржылық активтерге қатысты құқықтарды цифрлық форматқа көшіруге мүмкіндік береді.
Бұл бағыт Alatau City жобасында да қарастырылып отыр. Бұған дейін қалада жылжымайтын мүлік, инфрақұрылым және шикізат активтерін токенизациялау, сондай-ақ цифрлық теңгенің мүмкіндіктерін пайдалану міндеттері айтылған. Alatau City-дің рөлі қандай?
Германиямен ынтымақтастықтың тағы бір бағыты ретінде Alatau City аталды. Қазақстан жаңа қаланы неміс қаржы секторы үшін инвестициялық және технологиялық жобаларды жүзеге асыратын алаң ретінде қарастыруды ұсынып отыр.
Қолданыстағы тұжырымдама бойынша Alatau City толық цифрланған қала ретінде дамуы тиіс. Инфрақұрылым, қалалық қызметтер мен басқару жүйелерін деректер мен Smart City технологиялары негізінде біріктіру жоспарланған.
Сонымен қатар қала үшін кәсіпкерлік, инвестициялар, қаржы нарығы және цифрлық активтерді қамтитын арнайы құқықтық режим енгізілген.
Яғни Alatau City тек жаңа қала құрылысы жобасы емес, цифрлық экономиканың жаңа моделін сынауға арналған алаң ретінде де қарастырылып отыр.
Мақсат — тек инвестиция тарту емес
Кездесу барысында Қазақстан мен Германияның бірлескен инвестициялық-қаржылық платформасын құру ұсынысы да айтылды. Ол Германия және Еуропа капиталын Қазақстанның бірлесіп қаржыландыру және тәуекелдерді бөлу тетіктерімен байланыстыруы мүмкін.
Дегенмен қазіргі уақытта аталған бағыттардың басым бөлігі ұсыныстар мен ықтимал ынтымақтастық салалары деңгейінде қалып отыр. ЖИ, финтех және Alatau City бойынша нақты жобалар, инвестиция көлемі мен іске асыру мерзімдері жарияланған ақпаратта көрсетілмеген.
Қазақстанның негізгі мақсаты — Германиямен серіктестік арқылы тек капитал тарту емес, жаңа технологиялық салалар мен ұзақ мерзімді экономикалық өсу нүктелерін қалыптастыру.





