Қазақстанның Бас прокуратурасында құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіруге арналған жасанды интеллект негізіндегі алғашқы жобалар таныстырылды. Жаңашыл әзірлемелер Бас прокурор Берік Асыловқа және жасанды интеллект саласының халықаралық сарапшысы Кай-Фу Лиге ұсынылды.

Жүйелерді прокуратура қызметкерлері өздері әзірлеген. Бағдарламалау тәжірибесі жоқ 20-дан астам прокурор арнайы оқудан өтіп, нәтижесінде екі пилоттық жобаны іске қосты.

Бірінші жоба — тергеушінің ЖИ-көмекшісі. Ол қылмыстық істердің материалдарын талдап, іс фигуранттарының арасындағы байланыстарды анықтап, тергеу схемаларын құра алады.

Екінші жоба — үлкен деректерді талдайтын ЖИ-жүйесі. Ол бір жылдық криминалдық статистиканы небәрі 15 минут ішінде өңдеп, интерактивті талдау дайындайды.

Кездесу қорытындысы бойынша прокуратура қызметкерлерін оқытуды жалғастыру және жасанды интеллект құралдарын ведомство жұмысына кезең-кезеңімен енгізу туралы келісімге қол жеткізілді. Бас прокуратураның мәліметінше, мұндай технологиялар болашақта қылмыстарды ашумен қатар, олардың алдын алуға да мүмкіндік береді.