Қазақстанда кадр тапшылығы байқалатын өңірлерге ерікті қоныс аудару бағдарламасы жаңартылды. Енді бағдарлама қатысушылары 7 млн теңгеге дейін экономикалық мобильділік сертификатын ала алады. Бұл қаражатты жаңа қоныстанған жерден баспана сатып алуға пайдалануға болады.
Бұдан бөлек, қоныс аударушыларға көшуге субсидия беріледі, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызмет шығындары өтеледі. Сондай-ақ жаңа жерде жұмысқа орналасуға көмек көрсетіледі.
Бағдарламаға қатысушылар жұмыс орнын қоныс аудармай тұрып-ақ таңдай алады. Қабылдаушы өңірлердің өкілдері қоныс аударуды жоспарлаған азаматтар тұратын өңірлерде бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін тұрақты түрде өткізеді.
Бағдарламаға қатыса алатын азаматтар санаты да кеңейтілді. Бұған дейін жоба негізінен жұмыссыз азаматтарға бағытталса, енді мемлекеттік қолдауды сұранысқа ие мамандар, сондай-ақ шаруа және фермер қожалықтарының басшылары да пайдалана алады.
Өтініш беру процесі де цифрландырылды. migration.enbek.kz порталы арқылы өңірлер картасымен танысып, сұранысқа ие мамандықтардың тізімін қарап, бос жұмыс орындарын таңдап, өтінішті қашықтан беруге болады.
Бағдарлама іске қосылған 2017 жылдан бері оған 73,9 мың адам қатысқан. Оның ішінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу құралдары арқылы 31 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
Сонымен қатар Абай облысында 2026–2028 жылдарға арналған «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Оның негізгі мақсаты — қала тұрғындарын ауылдық жерлерге тарту, ауылдардағы кадр тапшылығын азайту және ауыл экономикасын дамыту.
Жоба аясында қоныс аударушыларға баспана алуға, кәсіп ашуға және мал сатып алуға қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарна төлеуге арналған тұрғын үй сертификаты беріледі. Егер бастапқы жарна көлемі 1,5 млн теңгеден аспаса, оның 90%-ын облыс әкімдігі өтей алады.





