Қазақстанда инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Үкімет жекелеген нысандарды жөндеуден жүйелі түрде бүкіл желілер мен инфрақұрылымды кешенді жаңартуға көшуде. Негізгі бағыттар — сумен қамту, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік және ауылдарды дамыту.
Су ресурстары цифрлық бақылауға көшеді
2025 жылы елімізде жалпы құны 218 млрд теңгеден асатын сумен жабдықтау саласындағы 22 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 945 мыңнан астам тұрғыны бар 321 ауылдың сумен қамтылуы жақсарды.
Сонымен қатар су қоймалары, бөгеттер мен каналдар жаңартылып жатыр. Тек 2026 жылдың алғашқы алты айында 206 шақырымнан астам канал қайта жаңғыртылды. Жыл соңына дейін 976 шақырымнан астам каналдың модернизациясын аяқтау жоспарланған.
Су ресурстарын тиімді басқару үшін цифрлық технологиялар да енгізіліп жатыр. Электронды келісімшарттар жүйесі іске қосылып, қазіргі уақытта «Қазсушармен» жасалған 28 мыңнан астам келісім цифрлық платформада тіркелген.
Фермерлерді су үнемдейтін технологияларға көшіру үшін мемлекеттік қолдау көлемі де артты. Мұндай технологиялар мен қажетті инфрақұрылымға жұмсалған шығындарды өтеу үлесі 50%-дан 80%-ға дейін көтерілді.

Энергетика мен мұнай өңдеу саласы жаңартылады
Қазақстанда энергетикалық қуаттарды арттыру жоспарланып отыр. 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам жаңа қуат көзін іске қосу көзделген. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр орталықтарын салу жобалары әзірленуде.
Жаңартылатын энергия көздерін дамыту жұмыстары да жалғасуда. Қазір елде жалпы қуаты 3,8 ГВт-тан асатын 172 жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істейді. 2026 жылы тағы 10 жобаны іске қосу жоспарланған.
Мұнай өңдеу саласында да ірі өзгерістер күтіледі. Павлодар, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру бойынша жобалар қолға алынды. Сонымен қатар жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа зауыт салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Коммуналдық желілерге триллиондаған теңге бағытталады
Соңғы екі жылда «Инвестицияға айырбас тарифі» бағдарламасы аясында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына шамамен 605 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл қаражатқа 12,3 мың шақырым инженерлік желі жөнделді.
Ұлттық жоба аясында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға 6,8 трлн теңге бағытталып, 86 мың шақырым желіні жаңарту жоспарланған. Негізгі мақсат — инфрақұрылымның тозу деңгейін 40%-ға дейін, ал апаттылықты 20%-ға төмендету.
Жолдар, теміржол және әуе қатынасы дамиды
2026 жылы Қазақстанда шамамен 11 мың шақырым автомобиль жолы құрылыс және жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Сонымен қатар жалпы ұзындығы 1,6 мың шақырым болатын тағы алты бағытты ақылы жолдар жүйесіне қосу жоспарланып отыр.
Қазақстан арқылы өтетін транзит көлемі де өсіп келеді. 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында ел аумағы арқылы 21,7 млн тонна транзиттік жүк тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға көп.
Теміржол көлігімен жылдың алғашқы алты айында 157,1 млн тонна жүк тасымалданды. 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолды жөндеу жоспарланған.
Авиация саласында да жаңа жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қазақстан қазір 32 елмен 158 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасын жүзеге асырады. Сонымен бірге бірнеше әуежайда құрылыс және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Өңірлер мен ауылдарға қолдау күшейеді
Өңірлер арасындағы инфрақұрылымдық айырмашылықты азайту үшін 2030 жылға дейінгі өңірлік даму тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Негізгі назар базалық инфрақұрылыммен қамтылу деңгейі төмен аймақтарға аударылады.
«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы арқылы ауылдардағы жолдар, инженерлік желілер мен әлеуметтік нысандар жаңартылуда. 2025 жылы 226 ауылдағы жобаларды іске асыруға 73 млрд теңге бөлінді.
Ауыл тұрғындарына кәсіп бастауға мүмкіндік беретін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5% болатын жеңілдетілген несие беріледі. 2026 жылы бағдарламаға 100 млрд теңге қарастырылған.
Ал ауылға жас мамандарды тарту үшін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Оның аясында мамандарға көтерме жәрдемақы және жылдық мөлшерлемесі 1% болатын тұрғын үй несиесі ұсынылады.
Жалпы, Үкімет алдағы уақытта инфрақұрылымды жаңғыртуды жалғастырып, өңірлердің дамуына және қала мен ауыл тұрғындары үшін өмір сүру жағдайын жақсартуға басымдық бермек.



