«ҚазАвтоЖол» Қазақстандағы кейбір ақылы трассаларда жол жамылғысының ақаулары пайда болып, оның қозғалыс қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін екенін мойындады.

Компания өкілдері жол жүру ақысының төмен болуы жолдың нашар жағдайын ақтай алмайтынын атап өтті. Егер жол учаскесінен шұңқырлар, ойықтар немесе көлік қозғалысына қауіп төндіретін басқа да ақаулар анықталса, ол уақытша ақылы жолдар жүйесінен шығарылады.

Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде жүргізушілерге проблемалы учаске үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Ақаулар жойылғаннан кейін жол мамандар тарапынан қайта тексеріліп, содан соң ғана учаске қайтадан ақылы жүйеге енгізіледі. Қайта есептеу автоматты түрде жүргізіледі, сондықтан жүргізушілерге арнайы өтініш берудің қажеті жоқ.

Сонымен қатар «ҚазАвтоЖол» Қазақстандағы ақылы жолдардың тарифтері шетелдегі ұқсас жүйелермен салыстырғанда ең төмен көрсеткіштердің қатарында екенін хабарлады.

Алдын ала төлем жасаған жағдайда жеңіл автокөлік үшін 100 шақырым жолдың орташа құны шамамен 207 теңгені құрайды. Салыстыру үшін, дәл осындай қашықтық Қытайда шамамен 3,2–4,2 мың теңге, Түркияда — 3,4 мың, Ресейде — 4,4 мың, Францияда — 7,1 мың және Жапонияда шамамен 8,4 мың теңге тұрады.

Жол ақысынан түскен қаражат трассаларды жөндеу және күтіп ұстауға, жол белгілері мен қоршауларды жаңартуға, жол таңбаларын салуға, қыс мезгіліндегі тазалау жұмыстарына, төлем жүйесінің жұмысына және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталады.

10 шілдеден бастап Қарағанды — Балқаш — Бұрabayтал, Бұрabayтал — Құрты және Талдықорған — Өскемен бағыттарының жекелеген учаскелерінде ақылы жол режимі енгізілді.

Ақылы жолдарға жақын орналасқан және балама айналма жолы жоқ елді мекендердің тұрғындары абонемент рәсімдей алады. Оны 1403 байланыс орталығы, kaztoll.kz сайты, сондай-ақ төлем алу пункттері мен клиенттерге қызмет көрсету орталықтары арқылы рәсімдеуге болады.