
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Тоқтар Әубәкіровті 80 жасқа толуымен құттықтады.

Құттықтау хатында Президент тұңғыш қазақ ғарышкерінің өмір жолын және оның еліміздің аэроғарыш және қорғаныс салаларын дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық беделін арттыруға қосқан үлесін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тоқтар Әубәкіровтің сынақшы-ұшқыш ретіндегі көп жылғы қызметін ерлік пен кәсібиліктің үлгісі ретінде бағалады. Сондай-ақ оның Мәжіліс депутаты ретінде ел заңнамасын жетілдіруге атсалысқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы мерейтой иесіне зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр, ал отбасына амандық пен бақ-береке тіледі.

Өз кезегінде Олжас Бектенов Тоқтар Әубәкіровтің жас ұрпақ тәрбиесіндегі ерекше рөліне тоқталды. Оның айтуынша, ел қаһарманының өмір жолы жастарға отансүйгіштік, әділдік, заң мен тәртіпті құрметтеу, батылдық пен еңбекқорлық сияқты қасиеттерді үлгі етеді.

Мерейтойға арналған салтанатты шараға аэроғарыш саласының, Қарулы күштердің және Генералдар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік ғарышкерлер, сынақшы-ұшқыштар, инженерлер мен конструкторлар қатысты.

Үкімет басшысы сөз барысында ғарыш саласының Қазақстанның технологиялық дамуы үшін маңыздылығын да атап өтті. Бүгінде елімізде ұлттық спутниктік байланыс және Жерді қашықтан зондтау жүйелері жұмыс істейді. Ғарыштық деректер ауыл шаруашылығы мен экология салаларында қолданылып, шалғай елді мекендерде интернетке қолжетімділікті кеңейту жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Байқоңыр ғарыш айлағынан «Сұңқар» зымыран-тасығышының сәтті сынақтан өткізілуіне ерекше назар аударылды. Премьер-министрдің айтуынша, бұл ұшыру Қазақстанның отандық ғарыш саласын дамытудың жаңа кезеңіне жол ашқан маңызды қадам болды.





