Қазақстанның Каспий теңізі жағалауында Еуразия елдерін байланыстыратын жаңа порт салу жоспарланып отыр. Жаңа нысан өңірдегі маңызды көлік-логистикалық тораптардың біріне айналуы мүмкін.

Құрық портының базасында Еуразиялық логистикалық хаб құру жобасы туралы Guoyou Materials Group директорлар кеңесінің төрағасы Юй Боян мәлімдеді. Оның айтуынша, бастамаға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдіріп, жобаны жоғары бағалаған.

Тараптар жобаға қатысты ресми құжаттарға қол қойған. Жаңа порт құрылысына салынатын инвестиция көлемі шамамен $1 млрд деп бағаланып отыр.

Жобаны екі кезеңде жүзеге асыру жоспарланған. Алғашқы кезеңде порт жылына 15 млн тоннаға дейін жүк өткізе алады. Кейін оның өткізу қабілетін 25 млн тоннаға дейін арттыру көзделген.

Жоба Қазақстанда шамамен 800 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Жаңа порттың іске қосылуы Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін күшейтіп, Азия мен Еуропа арасындағы сауда бағыттарын байланыстыратын маңызды инфрақұрылымдық нысанға айналуы мүмкін.