Қазақстанда майнинг компанияларын қолдаудың жаңа тетігі ұсынылды. Бағдарламаға қатысушыларға 10 жылға дейін жеңілдетілген шарттармен электр энергиясын сатып алуға мүмкіндік берілуі мүмкін. Оның орнына мемлекет өндірілген криптовалютадан түсетін табыстың бір бөлігін алады.
Ұсынылып отырған жүйе бойынша майнерлер электр энергиясын белгіленген шекті тарифтен аспайтын бағамен сатып ала алады. Ал мемлекетке электр энергиясына жұмсалған шығындар шегерілгеннен кейінгі өндірілген криптовалюта құнының 10%-ы аударылады.
Бағдарламаны іске асыру үшін Булат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1 станциясынан 300 МВт-қа дейін қуат бөлу жоспарланып отыр. Майнинг компаниялары электр энергиясын тікелей станциядан сатып алады.
Алайда бағдарламаға барлық майнерлер қатыса алмайды. Компанияларға бірқатар талап қойылады. Атап айтқанда, олардың қуаты кемінде 150 МВт болатын жеке дата-орталығы, әр құрылғысының хешрейті кемінде 150 TH/s болатын жабдығы және білікті мамандары бар жеке сервистік орталығы болуы қажет.
Сонымен қатар қатысушылар екі интернет-провайдермен келісімшарт жасасып, салық берешегі мен мүлікке қатысты ауыртпалықтары болмауы тиіс.
Бұл ретте 10% көлеміндегі аударым барлық өндірілген криптовалютаның оннан бір бөлігі дегенді білдірмейді. Алдымен өндірілген цифрлық активтердің құнынан компанияның электр энергиясына жұмсаған шығындары шегеріледі. Содан кейін қалған сома негізінде 10% аударым есептеледі.
Жиналған криптовалюта Astana Hub арқылы өтіп, кейін Қазақстан Ұлттық банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясына бағытталады.
Жаңа модельдің негізгі мақсаты — майнингтен түсетін табыстың бір бөлігін пайдаланып, ұлттық стратегиялық крипторезерв қалыптастыру.





