Қазақстанда смартфондарды сату тәртібі өзгереді. Енді сатушылар телефонды сатып алушы төлем жасамай тұрып, оның IMEI кодын тексеруге міндетті болады.
Егер құрылғы міндетті верификациядан өтпесе, оны сатуға тыйым салынады. Мұндай смартфондар сапасы талапқа сай емес тауар ретінде қарастырылады. Жаңа талаптар қарапайым дүкендерге ғана емес, онлайн сауда алаңдары мен маркетплейстерге де қатысты.
Сатып алушы қандай талап қоя алады?
Егер сатып алынған смартфонның верификациядан өтпегені анықталса, тұтынушы сатушыға жүгініп:
телефон бағасын төмендетуді;
ақауды тегін жоюды;
ақауды жөндеуге кеткен шығынды өтеуді;
құрылғыны дәл сондай модельге ауыстыруды;
басқа брендтің телефонына айырбастауды және баға айырмасын қайта есептеуді;
келісімшартты бұзып, ақшаны қайтаруды талап ете алады.
Бұл талаптар смартфонды тікелей сатқан сатушыға қойылады.
IMEI кодын төлемге дейін көрсету керек
Сатушы смартфонды сатпас бұрын оның IMEI кодын сатып алушыға көрсетуге міндетті болады. Сонымен қатар құрылғының мемлекеттік база арқылы тексерілгеніне, бұғатталмағанына және қандай да бір шектеулердің жоқтығына көз жеткізуі тиіс.
IMEI коды сатып алуды растайтын құжатта — чек, техникалық паспорт немесе басқа құжатта көрсетілуі қажет.
Егер смартфон екі SIM-картаны немесе eSIM-ді қолдаса, онда бірнеше IMEI коды болуы мүмкін. Мұндай жағдайда әр кодты жеке тексеру қажет.
Телефонды өзіңіз қалай тексере аласыз?
IMEI кодын телефоннан *#06# комбинациясын теру арқылы білуге болады. Сондай-ақ код құрылғының баптауларында, қаптамасында немесе кепілдік құжаттарында көрсетіледі.
Смартфонның мәртебесін eGov Mobile, gov.kz порталы және арнайы IMEI тексеру сервисі арқылы анықтауға болады.
Сатып алмас бұрын телефондағы IMEI кодын қаптамадағы және сатушы берген құжаттардағы кодпен салыстыру ұсынылады. Егер кодтар сәйкес келмесе, бұл құрылғыға немесе оның шығу тегіне қатысты мәселенің белгісі болуы мүмкін.
«Ақ», «сұр» және «қара» тізімдер деген не?
Қазақстандағы құрылғыларды тіркеу жүйесінде смартфондар үш санатқа бөлінеді.
Ақ тізім — тексеруден сәтті өткен және Қазақстандағы ұялы байланыс желілерінде шектеусіз жұмыс істей алатын құрылғылар.
Сұр тізім — қосымша тексеруді қажет ететін смартфондар. Мұндай құрылғыларға уақытша байланыс желісіне қосылуға мүмкіндік беріледі. Иесіне телефонның елге заңды түрде әкелінгенін растауға немесе сәйкессіздіктерді жоюға уақыт беріледі.
Қара тізім — жалған, өзгертілген немесе қате IMEI коды бар, сондай-ақ халықаралық қара тізімге енгізілген құрылғылар. Мұндай телефондардың ұялы байланыс желілеріне қолжетімділігі шектеледі.
Жаңа ережелер қашан күшіне енеді?
Жаңа талаптардың негізгі бөлігі 2026 жылдың 20 тамызынан бастап күшіне енуі тиіс. Осы күннен бастап верификациядан өтпеген смартфондарды сатуға тыйым салынып, сатушылар IMEI кодын төлемге дейін көрсетуге міндеттеледі.
Ал құрылғылардың орталықтандырылған базасы сияқты технологиялық және инфрақұрылымдық бағыттарға қатысты кейбір нормалар 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылады.
Сонымен қатар жеке тұлғалар бір күнтізбелік жыл ішінде Қазақстанға жеке пайдалануға әкелінген екі смартфонға дейін верификациядан тегін өткізе алады.
Жаңа тәртіп смартфон нарығын ашық етіп, сатып алушыларды кейін ұялы байланыс желісінен ажыратылуы мүмкін құрылғыларды сатып алудан қорғауға бағытталған.





