Алматыда қазақстандық CITIX компаниясы мен Visit Almaty бірлескен жобасының арқасында жаңа цифрлық сервис іске қосылды. Смартбордтар қаланың адам көп жиналатын қоғамдық орындарында орнатылған. Олардың қатарында:

  • Терренкур;

  • Республика сарайының маңы;

  • 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы;

  • Панфилов және Төле би көшелері;

  • Метро станцияларының маңы;

  • ЦУМ;

  • Орталық мемлекеттік музей бар.

Интерактивті экрандардың көмегімен қала тұрғындары мен қонақтары жақын маңдағы кафелерді, дәріханаларды, музейлерді, дүкендерді және қоғамдық көлік аялдамаларын таба алады. Жүйе смартбордтың орналасқан жерін ескеріп, қашықтық пен жол жүруге кететін шамамен уақытты көрсете отырып, бағыт ұсынады.

Туристер үшін дайын серуендеу маршруттары, көрікті жерлер топтамасы және қалалық іс-шаралар туралы ақпарат қарастырылған. Экрандардан алдағы концерттер, спектакльдер, көрмелер мен фестивальдер туралы білуге болады.

Сервис қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Оны тегін және тіркелусіз пайдалануға болады.

22.jpeg
фото: Апарат акима Алмалинского района

Алматы тарихына арналған арнайы бөлім де бар. Qalam Media-мен бірлесіп әзірленген жобада қаланың архивтік фотосуреттері сол орындардың қазіргі көрінісімен салыстырылады. Осылайша, пайдаланушылар Алматы көшелері мен ғимараттарының ондаған жыл ішінде қалай өзгергенін көре алады.

Туристік ақпараттан бөлек, смартбордтарда төтенше жағдайларға арналған пайдалы мәліметтер де орналастырылған. Олар арқылы жедел қызметтердің байланыс нөмірлерін табуға, құжат жоғалған жағдайда не істеу керегін білуге және медициналық көмек туралы ақпарат алуға болады.

Сонымен қатар экрандарда ауа райы мен ауа сапасы туралы мәліметтер көрсетіледі. Табылған маршрутты немесе басқа ақпаратты QR-код арқылы смартфонға жіберуге болады.

3.jpeg
фото: Апарат акима Алмалинского района

Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Токсеитова туристер санының артуына байланысты цифрлық инфрақұрылымды дамытудың маңызы артып келе жатқанын атап өтті.

«Jerry жобасы туристерге қаланың көрікті жерлерімен өз бетінше танысуға, бағыттарын жоспарлауға және Алматы көшелерінде серуендеу кезінде қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік беретін қосымша құрал болады», – деді ол.

Әкімдіктің мәліметінше, 2025 жылы Алматыға шамамен 2,5 миллион турист келген. Олардың 754 мыңы – шетелдік қонақтар. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында қала қонақүйлері 1,14 миллион адамға қызмет көрсеткен.

Jerry смартбордтарын орнату Алматының туристік цифрлық инфрақұрылымын дамыту жобасының бір бөлігіне айналды. Жақын уақытта құрылғылар санын тағы төртеуге арттыру жоспарланып отыр.