Алғашқы кезеңде жаңа қызметті тек Астанада тұрақты тіркеуі бар азаматтар пайдалана алады. Ол жүргізуші куәлігін алғаш рет алатын үміткерлерге арналған. Сонымен қатар кандидатта автомектепті аяқтағаны туралы жарамды куәлік пен медициналық анықтама болуы керек. Ол көлік құралын басқару құқығынан айырылмаған және диспансерлік есепте тұрмаған болуы тиіс.

Емтиханды онлайн қалай тапсыруға болады?

Ол үшін eGov Mobile қосымшасын ашып, «ХҚКО қызметтері» бөліміне өтіп, «Теорияны онлайн тапсыру» қызметін таңдау қажет. Одан кейін жүргізуші куәлігінің санатын көрсетіп, 1414 нөмірінен келген SMS арқылы дербес деректерді өңдеуге келісім беріп, қызмет ақысын төлеу керек.

Осыдан кейін eGov жеке кабинетінде емтихан тапсыруға арналған жеке сілтеме пайда болады. Ол төлем жасалған күннен бастап 30 күн бойы жарамды және тек өтініш берушінің өзіне арналған.

Тестілеу компьютер немесе ноутбук арқылы өтеді. Емтихан 40 сұрақтан тұрады, оған 40 минут уақыт беріледі. Сынақтан сәтті өту үшін кемінде 32 сұраққа дұрыс жауап беру қажет. Емтиханды күн сайын сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін тапсыруға болады. Алайда тестілеуді 19:20-дан кешіктірмей бастау керек. Күніне бір рет тапсыру мүмкіндігі беріледі, ал қайта тапсыруға келесі күннен бастап рұқсат етіледі.

Емтихан қалай бақыланады?

Қашықтан тестілеу үшін автоматтандырылған прокторинг жүйесі бар ExamApp қосымшасы қолданылады. Ол үміткердің жеке басын тексеріп, емтихан барысын бақылайды. Атап айтқанда, бейнежазба, аудиобақылау және компьютер экранын жазу жүргізіледі.

Сонымен қатар камерасы бар екінші смартфон қажет. Ол қосымша бейнебақылау құралы ретінде пайдаланылады. Жүйе құрылғыда тыйым салынған бағдарламалардың бар-жоғын да тексеріп, ықтимал заңбұзушылықтарды тіркейді.

Теориялық емтиханды сәтті тапсырғаннан кейін үміткер көлік жүргізу бойынша практикалық сынаққа жіберіледі. Оны бұрынғыдай мамандандырылған ХҚКО-да тапсыру қажет. Ал теориялық емтиханды ХҚКО-ға барып тапсыру мүмкіндігі де сақталады.