Ғылымға бөлінетін қаржы көлемі артып келеді
2022-2025 жылдар аралығында Қазақстанда ғылымды қаржыландыру көлемі 122 млрд теңгеден 262 млрд теңгеге дейін өсті. Алайда ғылымның ел экономикасындағы үлесі жалпы ішкі өнімнің небәрі 0,16%-ын құрайды. Ал мақсатты көрсеткіш - 1%.
Қаржының басым бөлігі мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Осы кезеңде мемлекеттік қаржыландыру үлесі 55%-дан 82%-ға дейін артқан.
Барлық жоба күткен нәтижеге жетпеген
Аудиторлар 2023–2025 жылдарға жоспарланған ғылыми тапсырмаларды тексерді. Нәтижесінде 393 тапсырманың 149-ы орындалмағаны анықталды. Оларға 67 млрд теңге бөлінген.
Сондай-ақ 79 ғылыми жобаға 62 млрд теңге нақты шығындар жоспарынсыз бағытталған. Ал жобаны орындаушыларға зерттеу нәтижелері толық тексерілмей тұрып, қаражаттың басым бөлігі төленген.
Бұдан бөлек, 16 млрд теңгені құрайтын тағы 176 жоба жоспарланған нәтижеге қол жеткізбеген.
Ғылыми жаңалықтар нарыққа жете бермейді
Зерттеулерді коммерцияландыру, яғни ғылыми әзірлемелерді тауарлар мен қызметтерге айналдыру бағытында да мәселелер анықталды.
Аяқталған 141 жобаның тек 38-і өз өнімдерін тұрақты түрде сата алған. Қалған 103 жоба 22 млрд теңге көлеміндегі қаражатқа қарамастан, өнім өндіру мен сату бойынша күтілген көрсеткіштерге жете алмаған.
Бұдан кейін не болады?
Тексеру қорытындысы бойынша қаржылық заңбұзушылықтар 51 млрд теңгені құраған. Тағы 47 млрд теңге тиімсіз жоспарланып, пайдаланылған.
36 жағдай бойынша материалдар әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін уәкілетті органдарға жіберілді. Ал тағы үш дерек бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына жолдау туралы шешім қабылданды.
Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік органдарға ғылымды қаржыландыру жүйесін жетілдіру бойынша да бірқатар ұсыным берді.





