Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, алаяқтар интернет-платформаларда, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қысқы шиналарды сату туралы хабарландырулар жариялайды. Олар өздерін сатушы ретінде таныстырып, суық түсер алдында тауарға сұраныстың жоғары екенін және оның шектеулі мөлшерде қалғанын айтып, сатып алушыларға тартымды баға ұсынады.
Шиналарды алдын ала брондау сылтауымен сатып алушылардан кепілақы немесе тауардың толық құнын төлеу сұралады. Алайда ақшаны алғаннан кейін алаяқтар хабарламаларға жауап бермей, сатып алушыларды бұғаттап, хабарландыруларды өшіреді. Нәтижесінде адамдар тапсырыс берген тауарын ала алмай, ақшасынан айырылады.
ІІМ интернет арқылы автокөлік шиналарын сатып алу кезінде бірнеше ережені сақтауға кеңес береді:
тауарды қолыңызға алмайынша, бейтаныс сатушыларға алдын ала төлем жасамаңыз;
күмән тудыратын төмен бағамен жарияланған хабарландыруларға сақтықпен қараңыз;
мүмкіндігінше шиналарды ресми дүкендер мен сенімді сауда орындарынан сатып алыңыз;
төлем жасамас бұрын тауардың бар-жоғын және жағдайын жеке тексеріңіз;
күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және бөгде адамдарға банк деректері мен SMS-кодтарды бермеңіз.
Ведомство өкілдері тауардың тым арзан бағасы мен шұғыл алдын ала төлем жасау талабын интернет-алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін екенін еске салды. Егер азаматтар осындай жағдайға тап болса, дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласуы қажет.





