Қарағандыда мемлекеттік қызметтерді алу мен цифрлық дағдыларды үйретуді біріктіретін AI-кеңсе ашылды. Жаңа орталық облыс әкімдігінің қолдауымен құрылған. Оның мақсаты – тұрғындарға заманауи технологиялардың көмегімен күнделікті мәселелерін жылдам шешуге көмектесу.
Дәстүрлі халыққа қызмет көрсету орталықтарынан айырмашылығы, мұнда келушілер құжат рәсімдеп, кеңес алып қана қоймай, электрондық мемлекеттік қызметтерді өз бетінше пайдалануды да үйрене алады.
Кеңсе жұмысының тағы бір маңызды бағыты – цифрлық сауаттылықты арттыру. Қала тұрғындары үшін мамандар электрондық қызметтермен таныстырып, қажетті дағдыларды меңгеруге көмектесетін тегін сабақтар ұйымдастырды.
Оқыту сабақтары сәрсенбі және жұма күндері сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін өтеді.
Орталықта балалармен келетін тұрғындарға да жағдай жасалған. Ата-аналар құжаттарын рәсімдеп немесе мамандардан кеңес алып жатқан кезде, балалар арнайы жабдықталған ойын аймағында бола алады.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжегалиевтің айтуынша, AI-кеңсенің ашылуы азаматтардың цифрлық дербестігін дамытуға және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Жаңа кеңсе Қарағанды қаласы, Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайында орналасқан.





