Астанада кафе мен мейрамханалардағы өрт қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері бірқатар қоғамдық тамақтану орындарын аралап, кәсіпкерлермен және қызметкерлермен кездесті. Кездесу барысында жабдықтарды пайдалану және төтенше жағдай туындаған кездегі әрекет ету тәртібі түсіндірілді.

Мамандар асүй жабдықтарын, газ қондырғылары мен электр құрылғыларын қауіпсіз пайдалануға ерекше назар аударды. Сондай-ақ мекеме иелеріне электр жабдықтарының жарамдылығын тұрақты тексеру, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу және газ құрылғыларын пайдалану талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді.

101010.jpeg
фото: Акимат города Астаны

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаевтың айтуынша, арнайы іс-шара аясында өрт қауіпсіздігі талаптарының мыңнан астам бұзушылығы анықталған. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша әкімшілік айыппұлдар салынды.

Сонымен қатар жыл басынан бері елордадағы қоғамдық тамақтану нысандарында шамамен 33 өрт оқиғасы тіркелген.

Мамандардың мәліметінше, өрттің негізгі себептеріне асүй жабдықтарын дұрыс пайдаланбау, электр және газ құрылғыларының ақауы, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарын сақтамау жатады.

1212.jpeg
фото: Акимат города Астаны

ТЖД өкілдері қоғамдық тамақтану орындарындағы профилактикалық жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Кәсіпкерлер мен кафе-мейрамхана қызметкерлерін өрт қауіпсіздігі талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Себебі бұл талаптарды сақтау қызметкерлер мен келушілердің қауіпсіздігі үшін маңызды.