Мәселе Достық даңғылынан Каменское плато бағытына қарай созылатын Оспанов көшесінің учаскесінде туындаған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, асфальттың жоғарғы қабаты алынғаннан кейін жол жөндеу жұмыстары тоқтап қалған. Соның салдарынан жолда үлкен шұңқырлар пайда болып, лай жиналған. Бұл көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің қозғалысын қиындатқан.
Тұрғындар жағдай туралы әлеуметтік желілерде жазды. Олар ашық қалған құдықтарға, жердің шөгуіне және көлік кептелісіне де шағымданды. Тұрғындардың бірінің айтуынша, кейбір шұңқырларға жеңіл көліктер, автобустар, тіпті арнайы техника да түсіп кеткен.

Медеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Оспанов көшесінде жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған дейін мұнда су бұру инженерлік желілері де тартылған. Жұмыстарға «Агидель-АС» ЖШС мердігер ұйымы жауапты.
Әкімдіктің түсіндіруінше, қолайсыз ауа райына байланысты жолдың бір бөлігінде ұзындығы шамамен сегіз метр болатын топырақ шөгуі болған. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету және учаскенің одан әрі бұзылуына жол бермеу үшін бұл жер уақытша балласт пен қиыршық таспен жабылған.
Проблемалы учаскедегі жол жабынын 20 қарашаға дейін қалпына келтіру жоспарланып отыр. Ал Оспанов көшесіне асфальт төсеу жұмыстарын толық аяқтау 25 қарашаға дейін уәде етілген.





