Екі компания ірі келісімшарт жасасты делік. Бірақ кейін оның талаптарын орындау мәселесінде келіспеушілік туындады. Әдетте мұндай дау қолданыстағы заңнамаға сәйкес сотта шешіледі.

Ал болашақта Алатауда осындай коммерциялық дауларды қараудың ерекше тәртібі пайда болуы мүмкін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қалада ағылшынның жалпы құқық үлгісіне негізделген Инвестициялық сот құруды ұсынды.

Бастама Алатаудың арнайы құқықтық режимі аясында жүзеге асырылмақ. Жоспар бойынша қалада міндеттері әртүрлі екі сот құрылымы жұмыс істейді.

Коммерциялық дауларды бөлек сот қарайды

Ұсынысқа сәйкес, Инвестициялық сот кәсіпкерлік қызметке байланысты коммерциялық істерді қарауға маманданады.

Оның жұмысы ағылшынның жалпы құқық үлгісіне негізделмек.

Бұл құқықтық жүйенің ерекшеліктерінің бірі — сот шешімдері мен прецеденттердің маңызды рөл атқаруы.

Яғни бұрын қаралған ұқсас істер бойынша қабылданған шешімдер кейінгі дауларды шешу кезінде ескерілуі мүмкін.

Алайда Алатаудағы Инвестициялық соттың нақты жұмыс тәртібі, қолданылатын құқық нормалары мен іс жүргізу рәсімдері әлі толық белгіленген жоқ.

Басқа мәселелер Азаматтық сотқа беріледі

Жаңа жүйеде Инвестициялық соттан бөлек Азаматтық сот құру да көзделген.

Оның құзыретіне қаланың арнайы құқықтық режиміне байланысты өзге мәселелер кіреді.

Осылайша коммерциялық істер мен ерекше құқықтық режим шеңберіндегі басқа дауларды қарау міндеттері ажыратылмақ.

Дегенмен қандай істердің нақты қай сотта қаралатыны және азаматтардың оларға қалай жүгінетіні кейінгі заңнамалық өзгерістер арқылы нақтылануы тиіс.

Бұл бастама Алатау тұрғындарына қатысты барлық істер жаңа соттарға беріледі дегенді білдірмейді.

Ерекше сот жүйесі инвестицияға бағытталған

Алатау инвестициялар мен кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы орта қалыптастыру көзделген қала ретінде қарастырылып отыр.

Мұндай ортада бизнестің тұрақты жұмыс істеуі үшін келісімшарттардың орындалуы және дауларды шешу тәртібінің түсінікті болуы маңызды.

Инвесторлар үшін қаражат салатын елдегі құқықтық тетіктердің алдын ала белгілі болуы ерекше мәнге ие.

Сондықтан ұсынылып отырған сот жүйесі кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға және коммерциялық дауларды қараудың арнайы механизмін қалыптастыруға бағытталған.

Алайда оның нақты нәтижесі болашақ заңнамалық нормалар мен сот тәжірибесіне байланысты болады.

Үкіметке 2027 жылдың қаңтарына дейін мерзім берілді

Қазіргі уақытта жаңа сот жүйесін құру туралы бастама заңнамалық рәсімдеу кезеңіне өтуі тиіс.

Үкімет 2027 жылғы қаңтардың соңына дейін «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға тиісті түзетулерді Құрылтайдың қарауына енгізуі қажет.

Бұл тапсырма соттардың жұмысы бірден басталады дегенді білдірмейді.

Алдымен олардың құқықтық мәртебесі, өкілеттіктері және жұмыс істеу тәртібі айқындалуы керек.

Жаңа соттардың нақты қашан қызметіне кірісетіні әзірге жарияланған жоқ.

Сонда Алатауда ағылшын құқығы қолданыла ма?

Иә, бірақ тек ұсынылып отырған арнайы сот моделінің аясында және болашақ заңнамада белгіленетін тәртіппен.

Жоспар бойынша коммерциялық істерді қарайтын Инвестициялық сот ағылшынның жалпы құқық үлгісіне сүйенеді. Ал қаланың арнайы құқықтық режиміне қатысты өзге мәселелер Азаматтық соттың құзыретіне беріледі.

Бұл Алатау Ұлыбританияның заңдарына толық көшеді немесе Қазақстанның құқықтық жүйесінен бөлінеді деген сөз емес.

Негізгі мақсат — коммерциялық дауларды қараудың ерекше тетігін қалыптастыру. Оның нақты қалай жұмыс істейтіні заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін белгілі болады.