Елорда әуежайында ұзындығы 3,5 шақырым болатын жаңа ұшу-қону жолағын салу жоспарланып отыр. Құрылыстың негізгі кезеңі 2027 жылы басталып, жобаны 2028 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген. Жобаны жүзеге асыру үшін мың гектардан астам жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қою жоспарланып отыр.

Астана халықаралық әуежайы ауқымды жаңғыртуға дайындалып жатыр. Жобаның негізгі бағыттарының бірі – екінші ұшу-қону жолағын салу. Қазіргі уақытта әуежайда 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқан бір ғана ұшу-қону жолағы бар. Жаңа инфрақұрылым қолданыстағы жолақты әуежай жұмысын ұзақ уақытқа тоқтатпай күрделі жөндеуден өткізуге мүмкіндік береді.

Жаңа жолақ қай жерде орналасады және ұзындығы қанша болады?

Жоспарға сәйкес, ұзындығы 3,5 шақырым болатын жаңа ұшу-қону жолағы қолданыстағы жолаққа параллель салынады. Оның орналасу орны Астана қаласының әкімдігімен келісілген. Жобалау кезінде Майбалық көлінің жақын орналасуы да ескеріліп, құрылысқа арнайы гидротехникалық шешімдер қарастырылған.

Қазіргі уақытта мамандар инженерлік іздестіру жұмыстарын жүргізіп, жобалық құжаттаманы әзірлеп жатыр. Негізгі құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастап, 2028 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Әзірге құрылыстың нақты құны белгісіз. Ол жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін есептеледі.

Әуежайға екінші ұшу-қону жолағы не үшін қажет?

Құрылыс қажеттілігі ең алдымен қолданыстағы инфрақұрылымның жағдайына байланысты. Қазіргі ұшу-қону жолағы 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді және күрделі жөндеуді қажет етеді.

Сондықтан алдымен жаңа жолақ салынып, пайдалануға беріледі. Осыдан кейін қолданыстағы жолақ жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша жабылады.

Бұл тәсіл негізгі инфрақұрылымды жаңарту кезінде әуежай жұмысын жалғастыруға және әуе қатынасының ұзақ уақытқа тоқтауына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Құрылыс кезінде әуежай жабыла ма?

Құрылыс кезеңінде әуежайдың жұмысын толығымен тоқтату жоспарланбаған. Жұмыстар әуе кемелерін қабылдау және жөнелту қызметтерімен қатар жүргізіледі.

Алайда жаңа рульдеу жолдарын қолданыстағы инфрақұрылымға қосу кезінде уақытша шектеулер болуы мүмкін. Егер бұл рейстер кестесіне әсер етсе, әуе компаниялары мен жолаушыларға алдын ала хабарланады.

57 жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін алынады

Жобаны жүзеге асыру жер мәселесін де қамтиды. 2026 жылғы 6 қарашада Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек мемлекеттік мұқтаж үшін жалпы ауданы 1 019,69 гектар болатын 57 жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулыға қол қойды.

Аталған аумақтар Есіл ауданында, Қабанбай батыр даңғылы мен әуежай маңында орналасқан. Жер учаскелері екінші жолақты салуға ғана емес, қолданыстағы ұшу-қону жолағын және оған қатысты инфрақұрылым нысандарын реконструкциялауға да қажет.

Қаулыға сәйкес, жер учаскелерін, соның ішінде сатып алу арқылы мемлекет меншігіне өткізу рәсімін 2027 жылғы 1 ақпаннан 2028 жылғы 1 ақпанға дейін жүргізу жоспарланған.

Жер иелері мен пайдаланушыларының қатарында әуежай, Air Astana, SCAT, «Қазмырыш», «Қазаэронавигация» және басқа да ұйымдар бар. Сондай-ақ тізімде бір жеке меншік иесі көрсетілген.

Жаңғырту жұмыстары жаңа жолақпен шектелмейді

Екінші ұшу-қону жолағы елорда әуежайын ауқымды жаңарту бағдарламасының бір бөлігі болады. 2029 жылға дейін ішкі рейстерге қызмет көрсететін Т2 терминалын да кеңейту жоспарланып отыр.

Оның аумағын шамамен екі есе ұлғайту көзделген. Сонымен қатар багажды өңдеу жүйесін жаңарту, қосымша тіркеу орындарын орнату, тексеру аймақтарын кеңейту және жаңа эскалаторлар орнату қарастырылған.

Өзгерістер LRT пайдаланатын жолаушыларға да қатысты. Әуежайда жеңіл рельсті көлікке арналған жабық галерея жағынан қосымша тексеру пунктін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл жолаушыларға LRT аймағынан тікелей әуежай ғимаратына өтуге мүмкіндік береді.

Тағы бір бағыт – жанармай инфрақұрылымын жаңғырту. Жоспар бойынша жанармай құю кешені жаңартылып, резервуарлар паркі кеңейтіледі. Сондай-ақ халықаралық Jet A-1 стандартына сай авиациялық отынды қабылдау және сақтау үшін техникалық база құрылады.

Жалпы, Астана әуежайын 2030 жылға дейін реконструкциялау бағдарламасының құны 250 миллиард теңгеден асады. Бұл сома екінші ұшу-қону жолағының құрылысына ғана емес, әуежайды жаңғыртудың барлық жұмыстарына қатысты.