Қазақстан UFC ұйымымен келіссөздер жүргізіп жатыр
19 қарашада Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елде UFC турнирін өткізу жөнінде ұйым өкілдерімен келіссөздер жалғасып жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, UFC өкілдерімен жұмыс кездесулері 2026 жылдың басынан бері өтіп келеді. Турнирді 2027–2028 жылдары ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Министр келіссөздердің қорытындысы қараша айының соңына дейін жарияланатынын да атап өтті.
Бұған дейін UFC басшысы Дана Уайт та ұйымның Қазақстанда турнир өткізу мәселесімен айналысып жатқанын растаған. Алайда әзірге жарыстың нақты күні мен өтетін орны жарияланған жоқ.
Егер тараптар келісімге келсе, Қазақстан тарихта алғаш рет UFC турнирін қабылдайды.
Қазақстандық спортшы UFC турнирінде жеңіске жетті
Қазақстанда турнир өткізу мәселесі талқыланып жатқанда, отандық спортшылар халықаралық аренада ел намысын қорғауды жалғастыруда.

21 қарашада қазақстандық файтер Дияр Нұрғожай Катардың Доха қаласында өткен UFC Fight Night турнирінде германиялық спортшы Алик Лоренцпен жекпе-жек өткізді.
Кездесу екінші раундта техникалық нокаутпен аяқталды. Нұрғожай қарсыласының бас тұсына дәл соққы жасап, артынша төреші жекпе-жекті тоқтатты. Осылайша, қазақстандық спортшы UFC-дегі қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді.
Аталған турнирде Қазақстанның тағы бір өкілі Асу Алмабаев та өнер көрсетті. Оның қарсыласы жапониялық файтер Кёдзи Хоригути болды. Жекпе-жек төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жапон спортшысының жеңісімен аяқталды.





