Не болды?
2026 жылғы 28 қазанда Қаржы министрі № 723 бұйрыққа қол қойды. Құжат ҚҚС есептеу кезінде ең төменгі баға деңгейі (ЕБД) қолданылатын тауарлар тізімін кеңейтеді.
Бұған дейін тізімде 89 тауар коды болса, енді олардың саны 1 030-ға жетті. Тізімге 978 жаңа позиция қосылып, 37-сі алынып тасталды. Бұйрық 2026 жылғы 14 қарашадан бастап күшіне енді.
Жаңа ережелер Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен Қазақстанға әкелінетін тауарларға қатысты екенін ескеру маңызды.
Қандай тауарлар тізімге енді?
Жаңартылған тізімге азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар енгізілген. Олардың ішінде:
Ет және балық: шошқа етінің жекелеген түрлері, албырт, бақтақ, мұздатылған және ысталған балық.
Сүт өнімдері: ірімшіктің кейбір түрлері және басқа да сүт өнімдері.
Көкөністер мен жемістер: пияз, сарымсақ, қырыққабат, жүзім, алмұрт, өрік және жидектер.
Басқа азық-түлік өнімдері: күріш, ұн, жарма, шоколад, кондитерлік өнімдер және консервілер.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар: киім, тоқыма бұйымдары, косметика, парфюмерия, тұрмыстық химия, шиналар, жиһаз және құрылыс материалдары.
Алайда жаңа талаптар аталған санаттардағы барлық тауарға бірдей қолданылмайды. Әр өнім үшін ЕАЭО СЭҚ ТН бойынша жеке код қарастырылған. Ең төменгі баға деңгейінің қолданылуы осы кодқа байланысты анықталады.
Тауарлар неге қымбаттауы мүмкін?
Ең төменгі баға деңгейі (ЕБД) – ЕАЭО елдерінен әкелінетін тауарларға салынатын ҚҚС-ты есептеу кезінде ескерілетін ең төменгі құн.
Мысалы, компания тауарды импорттап, құжаттарда оның бағасын белгіленген ең төменгі деңгейден төмен көрсетсе, ҚҚС осы сомалардың арасындағы айырмашылықты ескере отырып есептеледі.
Осының салдарынан импорттаушыға көбірек салық төлеуге тура келуі мүмкін. Компаниялардың қосымша шығындары өнімнің тұтынушыларға арналған бағасына әсер етуі ықтимал.
Дегенмен бұл тізімдегі барлық тауар міндетті түрде қымбаттайды дегенді білдірмейді. Компаниялар қосымша шығындарды өздері өтей алады немесе өнімнің бағасына қосуы мүмкін.
Жаңа талаптар қашан күшіне енеді?
23 қарашада Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлердің тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды (ТІЖ) және электрондық шот-фактураларды (ЭШФ) рәсімдеу бойынша жаңа талаптарға қашан көшуі керектігін түсіндірді.
Өзгерістер кезең-кезеңімен енгізіледі:
2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап – бұрынғы тізімдегі 89 тауар коды мен бидайдың төрт коды бойынша;
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – тізімге жаңадан енгізілген 941 тауар коды бойынша.
Осылайша, жаңа позициялар үшін жаңартылған талаптарға көшуге қосымша уақыт берілген.
Бағаның өсуін күту керек пе?
Тізімнің кеңеюі дүкендердегі бағаның міндетті түрде көтерілуін білдірмейді. Жаңа талаптар ең алдымен ЕАЭО елдерінен әкелінетін белгілі бір тауарларға салынатын салықты есептеу тәртібіне қатысты.
Оның өнім бағасына қаншалықты әсер ететіні импорттаушылардың шығындары мен компаниялардың қабылдайтын шешімдеріне байланысты болады.





