2027 жыл бақылау тарихындағы ең ыстық жыл болуы мүмкін. Тоқаевтың айтуынша, кейбір сарапшылар осындай болжам жасап отыр. Ауа райындағы ауытқулар құрғақшылыққа, өрттер мен су тасқынына әкеліп, жаһандық азық-түлік қауіпсіздігіне және әлемдік жеткізу тізбектеріне кері әсер етуі мүмкін.

Президент климаттық қауіптердің тек экологиялық емес, экономикалық мәселеге де айналып отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, ауа райының қолайсыздығы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлеміне, азық-түліктің қолжетімділігіне және елдер арасындағы жеткізілім тұрақтылығына әсер етуі ықтимал.

Тоқаев Қазақстан мұндай сын-қатерлерге алдын ала дайындалуы қажет екенін айтты. Оның пікірінше, ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруіне бейімдеу және су ресурстарын ұтымды пайдалану бағытындағы жұмыстар әлі де жеткілікті деңгейде жүргізілмей отыр.

Мемлекет басшысы тиісті министрлікке Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымымен бірлесіп, климаттық болжамдарды ескере отырып, Қазақстан мен басқа елдерге арналған ұсынымдар әзірлеуді ұсынды.

Сондай-ақ президент ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу, суды пайдалану тиімділігін арттыру және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту қажеттігін атап өтті.

Айта кетейік, 2027 жылдың температура бойынша рекорд орнатуы әзірге нақты ғылыми болжам емес. Бұл – президент кейбір сарапшылардың бағалауына сүйене отырып айтқан ықтимал сценарий.