Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқу ақысының қымбаттауы мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарын алаңдатып отырған негізгі мәселелердің бірі. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекет азаматтардың жоғары білім алу мүмкіндігін барынша кең көлемде сақтауға ниетті екенін айтты.
Министрдің айтуынша, жекеменшік университеттерде оқу ақысы қарқындырақ өсіп келеді. Алайда оның өсуі ақылға қонымды шекте болуы керек. Қазір министрлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, оқу ақысының жыл сайынғы өсімін ең көбі 10–15% деңгейінде ұстап, оны инфляция мен шығындардың өсуіне сәйкестендіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
«Мемлекет жоғары білімге қолжетімділіктің жоғары деңгейін сақтап отыр. Біз мұндай қолжетімділікті сақтау қажет деп санаймыз», — деді Саясат Нұрбек Үкіметтегі брифингте.
Оның айтуынша, мемлекеттің ұстанымы — университетке түсу мүмкіндігі бар жастардың санын қысқарту емес, керісінше, жоғары біліммен қамтуды кең көлемде сақтау.
Сонымен қатар азаматтарға оқу ақысын төлеуге көмектесетін қосымша тетіктер қарастырылып жатыр. Олардың қатарында білім беру гранттары, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы және «Келешек» жүйесі бар. Министрдің мәліметінше, «Келешек» жүйесі бойынша қазірдің өзінде шамамен 200 мың шот ашылған.
Ұлттық университеттерде оқу ақысы бекітіледі, ал тарифтердің жыл сайынғы өсуі мемлекет тарапынан бақыланады.
Саясат Нұрбек жоғары білімнің маңызы тек мамандық алумен шектелмейтінін де атап өтті. Оның пікірінше, деңгейі аса жоғары емес білімнің өзі адамның дүниетанымын кеңейтіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуы мүмкін.
Осылайша, мемлекет оқу ақысының күрт өсуін тежеумен қатар, азаматтардың басым бөлігі үшін жоғары білім алу мүмкіндігін сақтауды жоспарлап отыр.





