17 қараша күні сағат 00:40 шамасында Алматы қаласындағы Тимирязев пен Әуезов көшелерінің қиылысында жол-көлік оқиғасы болды. Өрт сөндіру қызметінің арнайы көлігі мен Toyota Camry соқтығысқан.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға кезінде өрт сөндіру көлігі шақыртуға арнайы жарық маяктарын қосып бара жатқан. Қиылыстан өту кезінде жеңіл автокөлікпен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан Toyota Camry жүргізушісі өмірімен үйлеспейтін жарақат алған. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, ол оқиға орнында көз жұмды. Өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілді.

IMG_8591.jpg
фото: almatinec_live

Куәгерлердің айтуынша, соқтығысудан кейін екі көлік те жолдың сыртына шығып кеткен. Өрт сөндіру көлігі жеңіл автокөлікті бірнеше ондаған метрге дейін сүйреп барған. Сондай-ақ бағдаршам мен жол инфрақұрылымына зақым келген.

Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша Алматы қаласы Полиция департаментінің Анықтау басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары апаттың барлық мән-жайы мен себептерін анықтауы тиіс.