
Фото: пресс-служба акимата области Абай
Абай облысында «ABAY KUNANBAYULY VISITOR CENTER» жобасын іске асыру жоспарлануда. Жоба аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығының аумағында заманауи визит-орталық ашылады.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 500 млн теңгені құрайды. Нәтижесінде 40 жаңа жұмыс орны ашылып, жаңартылған туристік инфрақұрылым тәулігіне 1 000-ға дейін келушіні қабылдай алады.
Жоба қолданыстағы 532,8 шаршы метрлік ғимаратты қайта жаңғыртуды көздейді. Жоспар бойынша оның шамамен 200 шаршы метрінде визит-орталық пен дәмхана орналасады, ал қалған бөлігі бес бөлмелі шағын қонақүйге айналдырылады.
Сондай-ақ нысанды 20 жыл мерзімге Pana Asia компаниясының сенімгерлік басқаруына беру және жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Абай облысының әкімі Берік Уәлидің айтуынша, жеке инвестордың қатысуы өңірдегі маңызды тарихи-мәдени нысандардың бірінің туристік тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.





