Қазақстанда ең жоғары қосымша төлемдерді психологтарға тағайындау ұсынылып отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің қаулы жобасына сәйкес, оларға базалық лауазымдық жалақының 300%-ы мөлшерінде үстемеақы төленуі мүмкін. Ал әлеуметтік қызметкерлерге 200% көлемінде қосымша ақы қарастырылған.
Сонымен қатар учаскелік дәрігерлер мен орта медициналық персоналдың төлем жүйесін өзгерту ұсынылады. Үстемеақы мөлшері алғашқы медициналық-санитариялық көмек (МСАК) ұйымдарындағы үздіксіз еңбек өтіліне байланысты болады:
екі жылдан астам еңбек өтілі болса - лауазымдық жалақының 20%-ы;
үш жылдан астам болса - 30%;
бес жылдан астам болса - 50%.
Өзгерістер учаскелік терапевтер мен педиатрларға, жалпы практика дәрігерлеріне, учаскелік медбикелерге, фельдшерлерге, акушерлерге, патронаждық және мектеп медбикелеріне қатысты болуы мүмкін.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қосымша төлемдер алғашқы медициналық көмек жүйесіндегі мамандарды ұстап қалуға, кадр тапшылығын азайтуға және қызметкерлердің тұрақтамау мәселесін шешуге бағытталған.
Егер жоба мақұлданса, жаңа ережелер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енуі мүмкін. Қазіргі уақытта құжат қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Талқылау 2026 жылғы 7 желтоқсанға дейін жалғасады. Қаулы қабылданғанға дейін оның шарттары өзгеруі мүмкін.





