LRT-ның екінші кезеңінің құрылысы туралы Жеңіс Қасымбек 12 қарашада Instagram парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, қазір Қосшы қаласы бағытындағы учаскеде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Құрылысты аяқтап, қозғалысты 2027 жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, желінің құрылысы Айтматов көшесі мен Тұран даңғылы ауданында жалғасады. Құрылыс жұмыстарына байланысты Сығанақ, Айтматов көшелерінде және Тұран даңғылында көлік қозғалысына қойылған уақытша шектеулер 2026 жылдың соңына дейін және 2027 жыл бойы сақталады. Әкім автокөлік жүргізушілерінен уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарауды сұрады.

Сондай-ақ қала әкімі №201, 202 және 204 станцияларының құрылысымен танысты. Сығанақ көшесінің бойында орналасқан №201 станцияда екі деңгейлі ауысып міну торабын салу жұмыстары басталды. Бұл жерде №2 және №3 желілері түйіседі. Соның арқасында жолаушылар көшеге шықпай-ақ бір бағыттан екіншісіне ауыса алады.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, екінші кезеңнің құрылысы аяқталғаннан кейін көлік жүйесі автомобиль жолдарына түсетін жүктемені азайтып, елорда көшелерінің өткізу қабілетін арттыруға ықпал етуі тиіс.





