Компаниялар ақылы тапсырмалар жариялайды
2026 жылғы 23 қарашадағы № 1574 жарлыққа сәйкес, ұйымдар мен кәсіпкерлер қолданыстағы цифрлық платформаларда қысқа мерзімді ақылы тапсырыстарды тұрақты түрде жариялап отыруы тиіс. Азаматтар бұл тапсырмаларды орындай алады, ал орындалған жұмыстар туралы ақпарат практикалық тәжірибені растау үшін пайдаланылмақ.
Осылайша, билік тұрақты жұмысқа орналаспай-ақ, жеке тапсырыстарды орындау арқылы табыс табу мүмкіндіктерін дамытуды көздейді. Алайда әзірге қандай тапсырмалар ұсынылатыны, қай платформалар пайдаланылатыны және орындаушылар қанша табыс таба алатыны нақтыланбаған.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған ережелер жеңілдетіледі
Цифрлық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеудің жаңа тәртібі әзірленеді. 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейін Үкімет цифрлық платформалар арқылы жұмыс істеуге қатысты еңбек, азаматтық-құқықтық, салық және әлеуметтік қатынастарды қамтитын жеңілдетілген режим қалыптастыруы тиіс.
Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған арнайы салық режимін қолдануға болатын қызмет түрлерінің тізімін кеңейту мәселесі қарастырылады.
Жасанды интеллект табыс табу құралына айналмақ
Жарлықта жасанды интеллектіні кәсіби қызметте қолдану да қарастырылған. Үкімет кешенді жоспар әзірлеу кезінде Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі Ли Кай-Фудың ұсыныстарын ескеруі тиіс.
Атап айтқанда, ЖИ-ді цифрлық платформалардағы ақылы тапсырмаларды орындау кезінде пайдалану ұсынылады.
Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне маркетплейстерге шығуға көмектеседі
Құжаттың тағы бір бағыты отандық өндірушілерді қолдауға арналған. Мемлекеттік қолдау шараларын электронды сауда алаңдарымен, банктермен, логистикалық компаниялармен және цифрлық сервистермен біріктіру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өнімдерін қабылдау, дайындау және сауда желілері мен маркетплейс қоймаларына жеткізуге көмектесетін тетіктер дамытылады. Болашақта түсетін табыс есебінен алдын ала қаржыландыру мүмкіндігі де қарастырылады.
Үкімет халықтық цифрлық экономиканы дамыту жөніндегі кешенді жоспарды 2026 жылғы 1 желтоқсанға дейін бекітуі керек. Жекелеген өңірлерде пилоттық жобалар 2027 жылғы 1 сәуірге дейін іске қосылып, олардың нәтижелері 1 қыркүйекке дейін бағалануы тиіс.





