Кішкентай қораптай спутник

Қазақстандық оқушылар әдетте кәсіби инженерлер мен ғарыш саласының ғалымдары айналысатын жобаны жүзеге асырды. Олардың NIS PocketQube деп аталатын спутнигінің өлшемі небәрі 5×5×5 сантиметр, ал салмағы 250 грамм.

Спутник 2026 жылғы 1 қазанда АҚШ-тың Калифорния штатындағы Ванденберг ғарыш күштері базасынан ұшырылды. Оны орбитаға SpaceX компаниясының Falcon 9 зымыраны жеткізді.

1с.jpeg
фото: nis.edu.kz

Алайда бұл шағын құрылғының артында бірнеше жылдық еңбек, тәжірибе мен оқу процесі тұр. Спутникті әзірлеудің әртүрлі кезеңдеріне 17 оқушы қатысты.

Идеядан ұшырылымға дейінгі алты жыл

Жобаның тарихы 2019 жылы басталды. Сол кезде мектепте өздерінің білім беру мақсатындағы ғарыш аппаратын жасау идеясы пайда болды. Ал 2020 жылы NIS Space зертханасы ашылып, оқушылар ғарыш техникасын құрастыру негіздерін үйрене бастады.

Спутникті әзірлеу бірнеше бағытты қамтыды. Оқушылар 3D-модельдеумен, электрондық тақшаларды жобалаумен, микроконтроллерлерді бағдарламалаумен және Python көмегімен деректерді өңдеумен айналысты.

с9.jpeg
фото: nis.edu.kz

Сонымен қатар, спутниктің беріктігі де тексерілді. 2022 жылғы желтоқсанда аппарат Қазақстанның Ұлттық ғарыш орталығында термовакуумдық және механикалық сынақтардан сәтті өтті.

Осылайша, мектеп жобасы біртіндеп ғарышқа ұшыруға дайын толыққанды инженерлік әзірлемеге айналды.

Спутник орбитада қандай міндет атқарады?

Ұшырылым жобаның соңғы кезеңі емес. Енді оқушылар өз аппараттарынан телеметриялық деректер алып, оларды талдай алады және спутниктің ғарыш жағдайында қалай жұмыс істейтінін зерттейді.

спутнки.jpeg
фото: nis.edu.kz

Ол үшін мектепте антенна, қабылдағыш және компьютерлермен жабдықталған жерүсті станциясы орнатылды. Алынған ақпарат физика, астрономия, бағдарламалау және инженерия сабақтарында практикалық материал ретінде пайдаланылады.

Сонымен қатар, жоба командасы бұл тәжірибе Қазақстанның басқа да оқушыларына ғарыш технологияларымен танысуға мүмкіндік береді деп үміттенеді. Болашақта спутниктен алынған деректерге еліміздің түрлі өңірлеріндегі мектеп оқушыларының қолжетімділігін кеңейту жоспарланып отыр.