photo_2026-07-23_15-34-42.jpg


Қазақстанда жаңа KazSat-3R байланыс спутнигін жасау жобасы басталады. Жобаға Үкімет резервінен 10,4 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Жаңа ғарыш аппараты пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталатын қазіргі KazSat-3 спутнигін алмастыруы тиіс. Бұл ұлттық спутниктік байланыс жүйесінің үздіксіз жұмысын сақтауға мүмкіндік береді.

KazSat-3R телерадио хабарларын тарату, деректерді беру, мобильді байланыс және интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін пайдаланылмақ. Жоба әсіресе жерүсті телекоммуникациялық инфрақұрылымды тарту қиын шалғай және халқы аз елді мекендер үшін маңызды.

Қазір KazSat жүйесінің ресурстарын 19 байланыс операторы және 2 млн-нан астам телехабар тарату абоненті пайдаланады. Спутниктік инфрақұрылым мемлекеттік органдар мен ірі отандық байланыс операторларының қызметінде де қолданылады.

Халықтың 99%-ы жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізе алады

Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Соңғы екі жылда жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімді халықтың үлесі 99%-ға жетті.

Қазірдің өзінде 4,5 мыңнан астам ауылдық елді мекен жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылған. Шалғай аумақтарды байланыспен қамтамасыз ету үшін спутниктік технологиялар қолданылуда. Сонымен қатар өңірлерде талшықты-оптикалық байланыс желілері кеңейтіліп, 5G желісі мен автомобиль жолдарындағы мобильді байланыс дамып келеді.

Сондай-ақ «Соңғы миля» жобасы және цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға бағытталған басқа да бастамалар жүзеге асырылуда.

Спутниктік байланысты дамыту азаматтардың интернет пен теледидарға қолжетімділігін арттырумен ғана шектелмейді. Жаңа жүйе Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін күшейтіп, технологиялық тәуелсіздігін нығайтуға да мүмкіндік береді.

KazSat-3R жобасы еліміздің ғарыш саласын одан әрі дамытуға бағытталған маңызды қадамдардың біріне айналмақ. Жерді қашықтан зондтау бағытындағы жаңа жобалармен қатар, бұл бастама Қазақстанның технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтіп, ұлттық цифрлық инфрақұрылымды нығайтуға ықпал етеді.