Қазақстан зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығы бойынша 55 елдің ішінде сегізінші орынға ие болды. Мұндай мәліметтер Marsh CFA Institute Global Pension Index 2026 халықаралық зерттеуінде жарияланды. Бұл көрсеткіш бойынша ел 74,4 балл жинаған.

Алайда жалпы рейтингте Қазақстан 64,8 баллмен 29-орынға тұрақтады. Себебі зерттеу зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын ғана емес, төлемдердің жеткіліктілігі мен басқару сапасын да бағалайды.

Қазақстан ең төмен нәтижені зейнетақымен қамсыздандырудың жеткіліктілігі көрсеткіші бойынша көрсетті. Бұл санатта ел 44,9 балл жинап, 55 мемлекеттің ішінде 49-орынға ие болды.

Зейнетақы жүйесін басқару және реттеу сапасы бойынша Қазақстан 83 балл алды. Бұл көрсеткіш қадағалау тиімділігін, ашықтықты және бақылау жүйесін бағалайды.

Ұзақ мерзімді тұрақтылық зейнетақы жүйесінің болашақта өз міндеттемелерін қаншалықты орындай алатынын көрсетеді. Бағалау кезінде зейнетақы жинақтарының көлемі, халықтың зейнетақы бағдарламаларымен қамтылуы, қаржыландыру көздері және демографиялық өзгерістер ескеріледі.

Қазақстанның тұрақтылық көрсеткіші бойынша жоғары орынға ие болуы елдегі зейнетақы мөлшері әлемдегі ең жоғары ондыққа кіреді дегенді білдірмейді. Зерттеу нәтижелері зейнетақы жүйесінің қаржылық тұрақтылығы мен халыққа төленетін төлемдердің жеткіліктілігі екі түрлі көрсеткіш екенін көрсетеді.