Үкіметтің 24 қарашадағы отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев 3G желісінен бас тарту жоспарлары туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, 2027 жылдың соңына дейін Қазақстанда үшінші буын желісі толықтай өшіріледі. Ол үшін байланыс операторлары қолданыстағы 3G базалық станцияларын жаңғыртып, 4G стандартына көшіреді.

Сонымен қатар билік жаңа буын желілерінің қамту аясын кеңейтуді жоспарлап отыр. Жоспарға сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін 4G желісі 5 291 ауылдық елді мекенге жетуі тиіс. Ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылда қолжетімді болады. Қазір Қазақстан ауылдарының шамамен 84%-ы мобильді интернетпен қамтылған.

Мобильді байланысты дамыту телекоммуникация саласына салынатын инвестиция көлемінің артуымен қатар жүріп жатыр. Отырыс барысында ұсынылған мәліметтерге сәйкес, алдағы үш жылда бұл салаға салынатын инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеден асады. Тек 2026 жылы кемінде 500 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған.

Министрдің айтуынша, соңғы екі жылда Қазақстандағы мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 73,6-дан 93,4 Мбит/с-қа дейін өскен. Ал ведомство болжамы бойынша, 2026 жылдың қорытындысында интернет-трафик көлемі 2024 жылмен салыстырғанда екі еседен астам артады.

Пайдаланушылар үшін не өзгереді?

4G желісіне көшу барлық абоненттің мобильді интернеті бір уақытта өшеді дегенді білдірмейді. Өзгерістер желілік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

4G қолдайтын смартфон пайдаланушылары мобильді интернетті әдеттегідей пайдалана алады. Ал тек 3G желісінде жұмыс істейтін құрылғылардың иелеріне телефондарын жаңарту қажет болуы мүмкін. Сондай-ақ қолданыстағы SIM-картаның 4G стандартын қолдайтынын тексерген жөн.

Ескірген технологиядан бас тарту операторларға жиілік ресурстарын заманауи желілердің пайдасына қайта бөлуге мүмкіндік береді. Бұл мобильді интернеттің жылдамдығы мен тұрақтылығын арттыруы мүмкін. Дегенмен байланыс сапасы нақты елді мекендегі инфрақұрылымның даму деңгейіне де байланысты болады.

Билік бұл үдерісті 2027 жылдың соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.